«Ұлт жоспарының -100 нақты қадамының» - 77-ші қадамын орындау мақсатында елімізде 10 алдыңғы қатарлы колледж бен 10 жоғарғы оқу орны таңдалды. Ақтөбедегі политехникалық колледжі де өзге оқу орындарына үлгі, деп хабарлайды qamshy.kz тілшісі.
«Модульдік тәсілдемемен әзірленген оқу бағдарламаларының ерекшелігі білім алушы әр модульді аяқтағаннан кейін белгілі бір құзіреттілікке ие болады. Бірнеше мамандықты қатар алып шығады. Дәстүрлі оқытуда орта буын мамандығы бойынша бір диплом алып, мысалы, техник-технолог, техник-механик болып шығады. Ал, модульдік тәсілдеме бойынша өз мамандығынан өзге тағы екі жұмысшы мамандығын алып шығады», - дейді Ақтөбе политехникалық колледжінің әдіскері Мира Есетова.
Үздік білім ордасында модульдік тәсілдеме бойынша 9 мамандыққа типтік оқу жоспары дайын. Жаңа оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Ал, өткен жылдан бері «Электрмен қамтамассыздандыру» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтарына студенттер жаңа тәсілмен даярлана бастады. "Машина жасау технологиясы" мамандығы бойынша материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін колледж биыл 200 миллион теңге бөлуді жоспарлаған. Жоспар «Кәсіпқор» Холдингі КЕАҚ арасында жасалған шарттардың негізінде қолға алынады.
«Модульдік тәсілдеме бойынша типтік оқу жоспарлары «Кәсіпқор» Холдингімен 130 мамандыққа биыл дайындалды. Енді 1 қыркүйектен бастап, модульдік тәсілдеме бойынша әзірленген оқу бағдарламаларымен жұмыс жасаймыз. Колледжде қазір 130 мамандықтың тоғызына типтік оқу жоспары дайын. Биыл мамандар даярлауды бастаймыз. Одан өзге, шетелдік әріптестерден де қолдау бар. Ол да «Кәсіпқор» Холдингі арқылы іске асады»,-дейді Мира Есетова.
Ақтөбеде еңбек нарығында сұранысқа ие 14 жаңа мамандық ашу және лицензияалу қарастырылған. Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 1000-нан астам талапкер қабылданады. Ал, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылданушылар саны 5000-нан жоғары.«Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде "Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру" жобасы іске асырыла бастады. Облыста кадрларға сұраныс жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және басқа да салалық басқармалармен бірлесіп жүргізілген талдаулар негізінде анықталды. Мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасы сұранысқа ие мамандықтар бойынша бөлінді. Биыл жаңа мамандықтар ашу үшін жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге қаражат бөлінді», - дейді Ақтөбе облыстық білім беру басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова.
Пікір қалдыру