Сары әулиенің былығы

/uploads/thumbnail/20170708160043800_small.jpg

Байығың келсе дін аш. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары осындай «табылған ақылға» жолыққан кейбіреулер осылайша кәсібін айналдырып, кішігірім бизнеспен айналыса бастады. Бәзбіреулер бақырдың исі сезілгесін байырғы бақсы-құшнаштың бел баласындай білек сыбана кірісті. Тұрмыста тапшылық көре бастаған кейбірі «көріпкелдікті» кәсіп қылды. Надан елге арамза молдалық қылған заманда оларға ешқандай тоқтаудың болмағаны анық. Бодандық қысымынан әзер құтылып, діннен алыс қонған қазақ үшін, бұл «әулиелердің» басы Айса тіріліп келгенмен бірдей болды. Берісі барын беріп, арысы табына бастады. Сол тұрмыс тудырған кәсіптің тұма бастауында Марат Есенәлиев яғни «Сары әулие» есімі тұрды. Тіпті қаймана қазаққа азан шақыра қойылған аты емес, Сары әулие деп, Қазақтың Кашпировскийі деген лақап қоса еріп жүретін болды. Дін жайында қозғалар тақырыпта Алладан кейін, молдадан бұрын шығатын есімдердің қатарында жүрді. Тіпті суреттерін төрге дейін іліп қоятын деңгейге түсті халық. Ол кешегі «Сары әулие» болатын. Ал қазір кезінде кем қойса періштемен дәргейлес қылған адамының пендешілігін көрген жұрт тәубесіне келген сияқты. Тек тәубесін талақ қылып жүрген «тәуіп» қана. Бұған дейін Марат Есенбаевтың әулиелігін әшкере қылып, КТК арнасы «Астарлы ақиқатында» айтқан болатын. Нысананың да «нысанасына» іліккен. Марат мырза бұрын үйленген, отбасы бала-шағасы бар адам. Әйелі қайтыс болғанда, жұбайының атындағы пәтерді өз атына заңсыз рәсімдеп, қыздарының қатысынсыз сатып та үлгерген. Балшының былығы осы кезден ашыла бастады. Сорақысы қыздарымен үй үшін соттасып, дүниелік мәселелерге «әулиелігін» мәстек қылып мініп, масқара болды. Тіпті, туған қызын «жезөкше» деп кінәлап, сұхбатында мен одан АЛЛА алдында бас тартамын депті. Қызы Бақытгүл «Мен АЛЛАның бар екеніне сене бастадым да, әкемнен алыстай бастадым» деп күйінішін күнделігіне жазыпты. Бұл Сарымыздың сегіз қырлы әулиелігінің басы екен. Жуырда, 5 ұлы, 4 қызы, 3 әйелі бар Мараттың ғаламтор бетінде мына бойжеткенмен түскен суреті жариялаған. Ол бір сөзінде «отбасымыз ислами болғандықтан, әйелдерім бір-бірімен тату, бұйырса 4-шісі де болып қалар. Үй-іші асыға күтуде» деген болатын. Міне, сол төртінші «тоқалды» іздеу операциясының барысында жасалған суреттер.

Халықты алдап тәжірибе жинаған дәругеріміз енді жекелеген жандарға көше бастапты. Дінді дәлел қылып сөйлеген дүмшенің діндарлығы мен «әулиелігінің » әуселесі осы сүгіреттерде жатыр. Шынайы Исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрселерді дін атына бүркеп, пышағы май үстінде жүрген сабаздың сұлбасы. Бұл сурет жайлы «Иә, бұл қыз менің қасымда, мен оны сынақ мерзімінде ұстап жүрмін. Жас қыз ғой, діннен хабары жоқ. Үйретудемін. Көңілден шықпаса жібере саламын» депті. Сары әулиенің ұстанғаны қай дін екен? Біз таныған мұсылмандыққа тек 4 қатын аламын дегені сайып тұр. Бірақ, осындай жолмен ал деген жоқ қой? Дінде некесіз қарым-қатынасқа түсудің, қандай үкімі бар екенін отбасы «ислами» жолмен құрылған осы кісі білмегені ме? Қазақ қызымен ойнап, ойына келгенін істегісі келетіндігін ашық айтып отыр? Сынай келе сынағымнан «сүріндіге» санап, тастай салса, оған жауап берер кім? Өз қызынан бас тартып, өзге қыздардың «қызығын » көріп, қымыз ішіп қызара бөртіп жүрген әулиеміз не дейді екен бұған ? Суреттер Nur.kz сайтынан алынды

Орынбасар Бақытбек

Қатысты Мақалалар