Үкімет басшысы Дмитрий Медведев АҚШ-тың жаңа санкциялары Кремльдің америкалық әкімшілікпен қарым-қатынасының жақсаруына нүкте қоятынын мәлімдеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Ресейге толыққанды сауда соғысы жарияланды», - деді Медведев. Оның ойынша, санкциялы режим ондаған жылдар бойына күшін жоғалтпайды, сондай-ақ АҚШ президенті заңға вето қоя алмайтындықтан Мәскеу мен Вашингтонның ара-қатынасы «шиеленісе түседі».
Үкімет басшысы Ресей билігінің «экономикалық және әлеуметтік саланы дамыту үшін жұмыс істеуді жалғастыратынын, берілмейтінін» айтты.
Бұдан бұрын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ-тың жаңа санкциялары «ештеңені өзгертпейтінін» мәлімдеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкциялар туралы заңға 2 тамыз күні қол қойды. Аталмыш заңнаманы АҚШ сенаты мақұлдады. Құжатқа сәйкес, мұнай-газ жобаларына салатын инвестиция мөлшеріне шектеу қойылады, сондай-ақ, Вашингтонның пікірінше, ресейліктерге қатысты енгізілген санкция кибершабуылдар, жемқорлық және адам құқықтарын бұзу сынды әрекеттерге негізделген. Трамптың да кейбір мүмкіндіктеріне шектеу қойылды. Президент Конгресстің рұқсатынсыз антиресейлік санкцияларға вето қоя алмайды.