« 2014 жылдың 1 желтоқсанында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында Астана қаласы, республикалық «Сарыарқа» велотрегінде STREET WORKOUT-тан әлем чемпионаты өтеді»,- деп хабарлайды ҰШК және СР Д баспасөз қызметі.
STREET WORKOUT – қазақ спортындағы жаңа бағыт, жаңа серпіліс! Алғаш АҚШ-та белең алған бұл спорт түрі қазіргі таңда Қазақ жастары арасында да танымалдылыққа ие. Тәнді шынықтырып, жанды тынықтырам дегендерге спорттың бұл түрімен айналысу құба-құп. Бұнымен қоса, STREET WORKOUT қатаң тәртіпке баулиды, рухты шыңдайды, жаңа жетістікке жігерлендіре отырып, биік мақсаттарға жетелейді. Және бастысы – өзін-өзі жетілдіруде айтарлықтай септігін тигізеді. Шындығында, кез-келгеніңді салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын бұл шараның мән маңызы зор.. Не де болса, бұл, STREET WORKOUT -жастарымызды ғаламтордың шырмауынан, арақ-шараптың тұсауынан құтқарар дүние деп білеміз.
75 елдің спортшыларының басын қоспақ осынау әлемдік додаға STREET WORKOUT спорты бойынша алты құрлыққа аты әйгілі Hannibal For King келеді деп күтілуде.
Айта кетелік, стрит воркауттан әлем біріншілігінде Қазақ елінің намысын Дияс Биджиев қорғамақ. Батырымызға барынша қолдау көрсетейік, ағайын!
Чемпионат барысын толықтай көрмендерге жеткізу «KazSport» арнасының еншісінде. Басталуы сағат 16:30-да, қалыс қалмаңыздар!
Назерке Тоғжанова