Жолаушы тасымалымен айналысатындардың пікірінше, Алматыда қоғамдық көліктерге енгізілетін баға айырмашылықтары жүргізушілердің жұмысына бақылауды күшейтеді. Бұл туралы «АвтоТрансГаз» ЖШС-нің Эксплуатация бойынша директорының орынбасары Бақытжан Рыспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Алматыда қоғамдық көліктерді пайдаланушылар үшін 1 тамыздан бастап жаңалықтар енгізіледі. «Оңай» картасын қолданбай, қолма қол ақшамен есеп айырсқысы келетіндер енді автобустар мен троллейбустарда 150 теңге төлейтін. Бұрынғы 80 теңгелік тариф «Оңай» картасы арқылы төлем енгізетіндер үшін сол қалпында сақталмақ. «Оңай» картасындағы жеңілдіктер де өзгертілмейді. Өзгеріс метро бойынша да енгізілмейді. Жолаушы тасымалымен айналысатындар қолма қол ақша төлеу жүйесінен гөрі «Оңаймен» есеп айырысу жүйесі жолаушы тасымалының сапасын арттырмақ.
«Жолаушылар карта арқылы төлесе жақсы болады. Соның арқасында біз сол күнгі табысты бірден біліп отырамыз. Екіншіден, рульге ие болуы керек жүргізушілер есепшінің рөліне енуін қояды», - деді директордың орынбасары.
Бұл реформада автопарк жүргізушілерді де ынталандыру жағын ойластырып отыр.
«Электрондық жүйе арқылы өткен әр транзакция үшін ол билет беру арқылы бола ма, жоқ, «Оңай» арқылы бола ма, жүргізушінің жалақысына қосымша ақша қосылады», - деді сала маманы.
Автопарк басшыларының айтуынша, тәртіп басты мәселе болып қала береді.
«Күн сайын кеште колонна басшылары жүргізушілермен жиналыс өткізіп тұрады, сөгіс жариялау, жұмыстан шығару секілді қатаң шараларды қолданамыз, оның ішінде кішкентай да болсын жол ереженсін бұзу фактісі назардан тыс қалмайды», - дейді Б.Рыспаев.
«Қазіргі уақытта біздің ревизорлар жауапкершілігі аз жүргізушілерді анықтап жатыр. 1 тамыздан бастап, қала бойынша бақылау шаралары күшейтілмек. Алдын ала мәлімет бойынша, қалада 300 адам қоғамдық көліктердегі төлем жүйесіне бақылау жасайтын болады», - деді ол.
Бақытжан Рыспаевтың ойынша, бағалардағы айырмашалық жүргізушілерді ынталандырып қана қоймай, таза, әділ жұмыстың ауқымын арттыра түседі.
Айта кетейік, «АвтоТрансГаз» ЖШС транспорт саласында 2016 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Компания 3,7 млрд теңгеге 135 автобус алған.
Пікір қалдыру