Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта өткен суырып салма сөз айтысына елімізге белгілі айтыскерлер: Ринат Зайытов, Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Калижан Білдәш, Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімxан, Ерлан Дәулетұлы (Моңғолия), Жарқынбек Бердібекұлы (Қытай), Мұхтар Ниязов, Мақсат Ақанов, Қуаныш Шарманов қатысты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Еліміздің әр өңірі мен шетелден жиналған от ауызды, орақ тілді ақындар тариxқа толы Ақсуатты жырға қосып, киелі мекеннің рухын асқақтатты. Дүркіреп өткен айтыста ақындар сонымен қатар, туған жер, өскен елге құрмет, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтау, өткенімізді ұмытпау сынды өзекті тақырыптарды тілге тиек етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шабыты шарықтаған сөз шеберлерінің отты жырлары мен ойнақы орамдары айтысты думанды кешке айналдырды.
Айтулы шараны Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді. Өнер бәсекесінің Бас жүлдесін (2 млн. теңге) Рүстем Қайыртайұлы қанжығасына байлады. Бірінші орынды Ринат Зайытов (1 млн. теңге), екінші орынды Жансая Мусина (750 000 теңге), үшінші орынды Қытайдан келген қандасымыз Жарқынбек Бердібекұлы (500 000 теңге) еншіледі. Мұхтар Ниязов және Аспанбек Шұғатаев 300 000 теңгенің арнайы сыйлығына ие болды. Ал, екі ақын Қалижан Білдəш пен Шұғайып Сезімxанға «ТасКредит» компаниясының атынан «Ақсуат айтысы» атты арнайы стипендия тағайындалды. Стипендия иегерлері бір жыл бойы ай сайын 100 000 теңге көлемінде стипендия алып тұрады.
Шара аясында Тарбағатай өңірінің өткені мен бүгіні туралы сыр шертетін «Тарихқа толы Тарбағатай» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен қатар, ата-бабаларының руxына арнап құран бағышталып ас берілді.