Тарихта тарам – тарам ізі қалған, Сол ізден дән дарыған түзілді орман. Ұрпақтан ұрпақ өрбіп елміз бүгін, Ырысы шалқығанға Қызыр қорған. Уақыт артта қалды шақпағы лаң, Замана аман өттік атқағынан. Жігерді мұқалтпады сын-тоспалар, Жұртпыз біз, енді міне,бақ дарыған. Білгенге осы емес пе алға асқаным, Шайқалмас енді мүлде алмас тағым. Тәуелсіз Отанымды мен қорғаймын, Намыстың жанып-жанып алдаспанын. Мұнар көл, сағымды бел,шалқар далам, Болсыншы бәрі-бәрі – ортам аман. Дәриға дәурен ғұмыр үзілмесін, Сол үшін туған жерге қалқан болам. Ел үшін қайраттансам табалар кім? Жарқындық қанат жайса жоғалар мұң. Мен бүгін көтерілсем заңғар көкке, Әруағы қолдауынан Бабалардың!
2Тылсымға бойлай алар бар ма пенде? Шөлдесең, досым менің,сырға шөлде. Тағы айтсам: бұлақ сынды жырға шөлде, Жайылар жан-дүниеңе нұрға шөлде. Жыр – шуақ,сыр – шапағат,нұр – қуат-ты, Жылдардың айтарына түр құлақты. Замана көштерінде тылсым басым, Жылға қуа уақытта жылжып ақты. Ағынды адуынды тұсау қайда! Ғасырлар құстай болып ұшады алға. Аталар жол босатса ұрпағына, Жас буын бой алдырмас тұсаларға. Осылай шіркін өмір жалғасады, Буындар келер-кетер – алмасады. Тарихқа жаңа парақ қосылады, Жалғанның жалғандығы осыдағы...
3Ел басынан сан қилы заман өткен, Сол заманның дерегі біз сөз еткен. Жүз жылдықтар тоғысы елге жетіп, Бауырлас ел қатарын көп өзгерткен.
Бес жүз елу жыл толады хандығыма, Хан сайлап ел қосылған байрағына. Сан мың жыл арманы еді қол жетпеген, Ат жалын тартып мінген қазағыма. Саясатын елдіктің бекем күрмеп, Төре – қара тіл тапты тірлік көздеп. Ақ ниет пен адалдық биік тұрды, Қара бастың бар қамын елдік билеп. Ынтымағы жарасқан ұлыс шыққан, Үйлесімді сан ұлттың шамын жаққан. Татулық пен бірлігі жан сүйсінтіп, Туған елдің шырайын гүл жайнатқан.
4Алмас қылыш суынбаған қынында, Заман өткен аласапыран бұрында. Ер жігіттер толарсақтан қан кешіп, Аруларым гүл тақпаған бұрымға. Салқар дала сауап сұрар пендеден, Арна салып алған ырың – жырыңға . Ғашық жүрек қана алмаған шырынға, Жарқын күндер түсіп кеткен жылымға. Ақ сақалды аталарда мұң қалың, Өру салмай жас өскіндер тұлымға. Заман өткен кимешекті әжелер, Желі тартпай қиналған көп құлынға. Заман өткен, алағай да бұлағай, Қабарғанда бұлт астынан туар ай. Елдік мұрат алға шыққан ту алып, Қан тіршілік қашқан сонда тырағай. Сөйтіп, сөйтіп, шаңырағы жұртымның, Шайқалғанмен қалған бір сәт құламай. Ұлттық рухтың биіктігін көр содан, Шапқындардан кезде халық шаршаған. Хандығымның қабырғасы нықтанып, Өз бірлігін бекітіпті барша жан. Дәл осылай халқым менің жетіпті, Ұлы деген елге көптен аңсаған. Ұлы мұрат, ұлы арман – тым тәтті, Жетілді жұрт аласартпай сұңғақты. Ойдан күлкі үзілмесе күні – түн , Қырда малым егіз туып жырғапты. Сөйтіп, сөйтіп, ұлы қазақ даласы, Шомылыпты бейбіт шаққа шуақты. Жоғалған соң зар уақыт дөңбегі, Белгілі ғой балаусаның өнбегі. Жаңа реңге боялыпты дүние, Көтере алған шақта салмақ сенгені. Мұның бәрі, біле-білсең ағайын, Хан Керей мен Әз Жәнібек еңбегі!
5Шүкір делік құдайға дәрмен берген, Қалың елім тұғырым қолдап жүрген. Алла берген қасиет қонған ерен, Ақсүйектен садағын сағымға ілген, Қасым ханның кезінен найза ұшымен, Шекара бар қазаққа сызып берген. Қиындықтан қашан да, Жігіт болсаң безінбе! Асулардан асарда, От ұшқындар көзінде. Салмақ сала білетін, Қара тастай төзімге. Ел сенімі ақталған, Салқам Жәңгір ханымен, Хақназар хан кезінде. Хандар өткен ілесе, Заман көшпен үндесе. Билік тізгін ұстаған, Хан Тәуекел, Есім хан, Елдік істе іс қылған, Ел – жұртымен келісе.
6Билер айтқан биік сөз хандарына, Хан қабылдар мүлтіксіз ой базына. Ел атынан тіл қатқан тіке сөйлеп, Сөз мәйегі құн жетпес шын қазына :
- Ел билесең іш толы бауыр болсын,
Арқаң тесік көнбісті жауыр болсын. Құлағыңның түбінде сыбыр тұрсын, Орда жайдың сыртында дүбір тұрсын, Нақты осыған шыдасаң ел ұстарсың.... Деген сөзін әр билік жалғап тұрсын.
7Хандық жолда халқына болып таныс, Әз Тәуке хан орнатқан тың байланыс. Жеті Жарғы жарасқан билігімен, Әділдіктен айнымас нық қолданыс Абылайдың айдыны асып тұрған, Қалың қазақ мойындап билік құрған. Дос пен қастың өзгеше тілін тауып, Мәртебелі істерге мойын бұрған.
8Туған елге тыныштық кез оралған, Айдын шалқар,көк белдер нұр оранған. Ел жадырап ұрпағы отау құрып, Әр ауылда той думан ән шырқалған. Шағаладай ақ шаңқан ауыл қонып, Жібек жолын жағалай ел жайлаған Шашқан дүрдей далаға шырай еніп, Батыр білек жігіттер аң аулаған. Ынтымаққа бірлік пен жалау таққан, Тентегін де жөн қылар орай тапқан. Ертегідей ел айтар тойлар жасап, Қазағымның көңілі шалқып жатқан. Сағыныштай сол кезден бәрі дастан, Шексіз дала, көк белес, ашық аспан. Жыр қып айтса күн түні еш таусылмас, Көңіл дария көл көсір өтті заман.
9Дербес елдік жалғасты талай ғасыр, Дауыл соққан даламда сан сыр жатыр. Атты жауға тепкіден азат болып, Көзін жұмды кеңестен сонша бауыр? Жөн бермеді кеңес кез еш қазаққа, Атып, айдап, мадақтап сан мазақта. Соғыс өрті шарпыған жан аз емес, Қаза тауып қалған да көп сол жақта. Жағаласты жаумен ел, қанда кешті, Тың көтертіп, ұран сап, малшы етті. Ракетаға мәз қылса малақай ата, Гептилден де көп зардап елге өтті.
10Туған жерім , байтағым, абыз далам, Сар даламның әр тұсы аңыз ғалам. Жүрек қозғар әуелеп сазды жырмен, Күйін тыңдап,зар естіп жүдеп қалам. Жауды жеңіп жер қылып өткен жылдар, Жалғас тапқан ара-тұра шегініс бар. Айды аспан шығарып жеңіс тойлап, Өкініш пен күйініш көп сан жайлар.
11Жаңарды күн тәуелсіз таң шапағы, Нұр жамылды қазақтың бар атырабы. Бақытты күн аясында күліп- ойнап, Шат-шадыман жайнаған ата ұрпағы Жарқын күнге ертеңі зор елім шат, Жалтағы жоқ сәт күнде қадам алшақ. Үміт болған жан қиып осы нұрлы шақ, Желбіреткен көк туды бұл – Болашақ .
12Бейбіт күн аясында туды дастан, Жырладым туған елді әуел бастан. Баласы талай елдің басын қосқан, Әлемді таң қалдырған Қазақстан. Жақсылық жанымызға жақын келді, Жақын келген сол күнге ел кенелді. Ел бастаған басшымыз ол – Нұрсұлтан, Туған жер нұры тасқан Қазақстан.
22.11.2014 жыл
Ислам Мияшұлы Аманов Жаңаарқа ауданының тумасы, 1948 жылы туған, зейнеткер.Еңбек жолында сан салада басшылық қызметте болған. Атап айтқанда, аудандық ДОСААФ комитетінің төрағасы, май зауытының бастығы, аудандық кәсіподақ комитеті мен партия комитетінің нұсқаушысы , аудандық сақтандыру мекемесінің бастығы, салық комитетінің бас салық инспекторы, «Альянс банк» АҚ филиалы аудандық бөлімшесінің бастығы және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қызметкері міндеттерін атқарған. Өткен 2013 жылы «Нияз батыр немесе ұрпақ сабақтастығы» туралы жыр дастаны мен «Бауырнама» атты шежірелік деректерді қамтыған кітаптары баспадан шыққан.