Пәкістан президенті Мамнун Хусейн премьер-министр болған Наваз Шариф отставкаға кеткен соң жаңа министрлер кабинетінен ант қабылдады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
4 тамыз күні ант қабылдаған үкіметті Шарифтің жақын одақтасы Шахид Хакан Аббаси басқарады. Аббасидің министрлер кабинетінің үлкен бөлігі бұрынғы биліктің адамдары немесе Шарифтің одақтастарынан тұрады.
Жоғарғы сот Шарифті кірісті жасырып қалғаны үшін биліктен аластатқан соң премьер-министрліктен кеткен. Алайда бұрынғы үкімет басшысы өзіне тағылған айыппен келіспей, сотқа арыз бермек.
Жаңа үкіметте Шарифтің одақтасы мен бұрынғы қорғаныс министрі Хаваджа Асифке сыртқы істер министрінің портфелі бұйырды. Үкімет басшылығында Наваз Шариф отырғанда Пәкістан сыртқы істер министрлігін өзі басқарған. Мұндай шешім 2013 жылы Шариф үкімет басшылығына келген соң қабылданған.
Жоспарлау министрі болған Чаудхари Ахсан Икбал бүгінде ішкі істер министрі атанды. Ал ішкі істер министрі болған Чаудхари Нисарға жаңа үкіметтен ешқандай лауазым бұйырмады.
Пікір қалдыру