«Мен жоғарғы оқу орнында оқимын. Әке-шешем бар, тұрмыс жағдайым жаман емес. Алайда менде өмірге деген құлшыныс жоқ. Не үшін өмір сүріп жүрегенімді білмеймін. Өз сүйген ісіммен айналыса отырып, оны не үшін жасап жүргенімді түсінбеймін. Мен нақты бір өмірдің мағынасы мен мақсатымды іздеймін. Мақсатыма жеткен сайын қатты қуанамын, алайда ол қуанышым өзіме мұның бәрін не үшін істеп жүрмін деген сұрақ қойғанда су сепкендей басылады. Себебі мен бұл сұрақтың жауабын таппаймын...».
«Өмірдің мәні мен өмірге деген құлшыныстың жоғалуы» деген сынды психологиялық жағдайды немесе депрессияны кез келген адам өмірінің әртүрлі шағында басынан өткеруі мүмкін.
Ақыл-есі дұрыс адамның толыққанды өмірін белгілі бір мақсатсыз, құлшыныссыз, талпыныссыз елестету қиын. Кейде алға жылжудың жоқтығын, өзіміздің дамуымыздағы тоқырауды сезінеміз. Сондай уақытта сиқырлы күш бізді демеп жіберсе екен дейміз. Алайда шын мәнінде біздің сиқырымыз – мотивация екенін көпшілігі біле бермейді. Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы тақырыпта танымдық мақаланы оқырман назарына ұсынады.
Өмірге деген құлшынысыңызды жоғалттыңыз ба? Ендеше оның қайта пайда болуына жағдай жасаңыз. Өмірдің мәні де сол: әркім өзінің мотивациясын өзі құрайды, өзі жасайды.
Бізге, адамдарға, әрқашан бірнәрсе жетіспей тұрады. Біздің ойымызша, уақыттың жетіспеушілігі, дәл қажетті сәттің болмауы немесе дайындықтың болмауы – бізге әрдайым кедергі болады. Шын мәнінде, біздің әрекетсіздігіміздің басты себебі – жеткілікті дәрежедегі мотивацияның болмауы.
Телехикая көріп отырып, көп қаржы табатыныңа сеніп отыруға, тамақ жеп отырып, міндетті түрде арықтайтыныңа, ұйықтайын деп жатып, жұмыс істеп үлгеремін деп т.с.с туралы көп әрі ұзақ ойлауға болады. Төсекте жатып ауызбен айту – аса жеңіл, ал орныңнан тұрып әрекет ету – қиынырақ. Себебі ол күш-жігерді, талпынысты талап етеді.
Сіз үшін өмірдегі маңызды нәрсе не?
Мотивацияны табу қиын емес. Ол үшін тек қандай нәтиже қалайтыныңды білуің керек. Егер елестеткен нәтиже көңіліңді аспандатса, мақсатың айқын. Ал егер, нәтиже көңіліңді көншітпесе, бұл мақсат айқын емес, саған мұның қажеті де жоқ.
Мотивация кез келген жерде қажет. Арықтау үшін, ең әдемі болып жүру үшін, жетістікке жету үшін немесе бизнес бастау үшін, оқуға түсу үшін де мотивация керек. Құлшыныстың бар болуы жеткіліксіз, мотивацияны демеу керек, онымен жұмыс істеу керек. Былайша айтқанда, мотивацияңыз өз әсерін, пайдасын жоғалтып алмау үшін оны «қоректендіру» керек.
Мотивация жоқ болса, нәтиже де жоқ
Мотивацияны демеу үшін сәтті 5 қадам:
– Қандай нәтижеге ие болатыныңды жарқын түрде елестет. Өз еңбегіңнің жемісін көз алдыңа елестет. Мотивацияң таусылған сайын немесе шаршаған сәттерде жемісіңді, жететін нәтижеңді ойла.
– Мақсатың физикалық тұрғыда өзіңмен бірге болуы керек. Демек, құлшынысыңды арттыратын, оған қараған сайын мақсатыңды есіңе түсіретін белгілі-бір зат болуы қажет.
– Жоспарларың мен мақсаттарыңды қағаз бетіне түсір. Орындалған жоспарларыңды түртіп отыр.
– Өз-өзіңе сөз бер. Аяғына дейін баратыныңа, тайсалмастан нәтижеге жететініңе уәде ет немесе жақындарыңа сөз бер.
– Еліктейтін тұлға болса, соған қарап бой түзеп, «Ол жеткен жетістікке мен де жетемін» деген ұранмен өмір сүр.
– Идеяластарыңды тап. Жақындарың немесе достарыңның арасынан сенің бастамаңа қолдау білдіретін немесе өзіңмен бірге іске кірісетін адамдар болса, нағыз мотивация сол болмақ.
Мотивацияны қайдан алады?
Мотивация – белгілі бір мақсат үшін өзіңді ояту процесі. Адамдар өмір сүруге деген құлшынысты қоғамнан, қоршаған ортадан алады. Ал жұмысшы компаниялар мен ұйымдардан тұратын қоғам адамдарға тиісінше қажетті мотивация бөлігін бере алады ма?
Кез келген компанияның өзінің мақсаттары бар. Сол сияқты адамның да өз мақсаттары мен жоспарлары болады. Сол мақсаттары аясында адам компанияға жұмысқа орналасады. Егер компания немесе ұйым басшылығы: «Жұмысшының не қалайтыны мені қызықтырмайды. Жұмыс істе, ұнамай ма – сау бол!» деген қағида ұстанса, ол жақсы нәтиже бермейтіні анық. Себебі, ең соңында мұндай компания тек жұмысшы-орындаушылармен ғана қалады.
Ал егер әлгі компания керісінше: «Менің қызметкерлерім сондай мықты. Біз барлығымыз бір отбасымыз. Жұмысшыларымның көңілін қалдырмайын, сонда нәтиже де болады» деген қағидамен жұмыс істесе, нәтиже міндетті түрде болады.
Жұмысшыларын да, компанияны да бір тізгінде ұстай алатын басшының қызметкермен жұмыс істеу тәсілі келесідей болмақ. «Сіз маған нәтиже бересіз. Мен сіздің жеке мақсаттарыңыздың орындалуын жүзеге асырамын» болуы тиіс.
Осы орайда, қызметкерлер сапалы әрі жақсы жұмыс істеу үшін не істеу керек деген заңды сұрақ туындайды. Ол үшін жұмыс беруші басшы қызметкерлерден тікелей толық мүмкіндікпен жұмыс істеу үшін адамдарға не қажет екенін сұрау керек. Осы арқылы қызметкерге қандай жағдай қажет екенін білуге болады.
Жұмысшыларға мотивация беру – маңызды
Қазіргі кезде компания мен ұйымдар өз жұмысшылары мен қызметкерлеріне мотивация беріп, еңбек нәтижелерін өсіріп жатыр дегенді есту – екіталай нәрсе. Себебі біздің елімізде жұмысқа мотивация беру түсінігі мүлде қалыптаспаған. Мәселен, қарапайым автобус жүргізушілерін алайық. Стандартты жалақылары 150 мың теңге болатын автобус жүргізушілері бір айдың ішінде жұмысын қандай дәрежеде істесе де, сол жалақыны алады. Яғни, тырысып істесе де, салғырттық танытса да, оның еңбек ақысы өзгермейді.
Айталық, белгілі бір транспорттық ұйымда Марат пен Қанат есімді екі көлік жүргізушісі жұмыс істейді делік. Марат күнде таңертең жұмысына дәл уақытында келеді. Көлігін өзі тазалап, тап-тұйнақтай болып жүреді. Жұмысына бір де бір рет кешіккен емес.
Ал Қанаттың жағдайында олай емес. Қанат күнде кешікпесе де, кейде 15 минутқа, кейде 20 минутқа кешігіп, үнемі жұмысына салғырттық танытып жүреді.
Енді айдың соңында екі көлік жүргізушісі де сол 100 000 теңгесін алып кетеді. Алайда Мараттың көкейінде жұмысына деген көңілі толмаушылық, өмірге деген құлшыныстың жоқтығы пайда болуы, тіпті, «Бастығым: «Жарайсың!» деген бір сөз де айтуға жарамады ғой» деген сынды өкініш болатыны анық.
Меніңше, жоғарыда аталған автокөлік, автобус жүргізушілеріне де жұмыстарына мотивация берсе, жұмыстың эффективтілігі де, нәтижесі де сөзсіз жоғарылайтын еді.
Мотивацияны қалай беруге болады? Автопарктер немесе жұмысшылар істейтін ұйымдар арнайы жарыс немесе байқау ұйымдастыруға болады. Мәселен, 3 немесе 6 айдың ішінде ешқандай ережелерді бұзбаған, жолаушылар тарапынан ерекше назарға ие болған жүргізушілерді марапаттап, сый-сыяпат табыстауға, тіпті, шетелге 1 аптаға тегін сапарды бәйге ұтысы етіп белгілеуге болады. Осы арқылы жұмысшыларды ынталандырып, жұмыстарына ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайтындай жағдай жасауға болады. Мұндай мотивация бар уақытта автобус жүргізушілері арасында жолаушылар өміріне қауіп әкелетін жарыстар да ұйымдастырылмайтын еді.
Бұл тек автобус жүргізушілеріне ғана қатысты емес. Кез келген компания өз қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын осындай мотивация беру арқылы көтеруі керек деп есептеймін.
Мәселен, Жапония менеджментінде жұмысшылар мотивациясы – кез келген компания үшін ең бірінші орында тұрады. Бір ерекшелігі, Жапония компаниялары жұмысқа тек университетті түлеп ұшқан белсенді студенттерді қабылдайды. Сонымен бірге, жұмысқа қабылдану барысында қызметкерлер компанияның өзіне қандай мүмкіндіктер, қандай жағдай жасайтынын біліп отырады. Себебі оларға компания менеджерлері барлығын түсіндіріп, егжей-тегжейлі нұсқаулар беріп, осы жұмысқа орналасу барысында қандай жетістіктерге жететінін алдын ала айтып түсіндіреді. Әрбір жұмысшының өзінің үстелінің қасында құлшынысты арттыратын, мотивацияны көтеретін жазбалар тұрады. Барлық жағдай қызметкерлер үшін жасалды. Себебі Жапон халқы еңбек өнімділігін арттырудың тәсілдерін біледі.
Жанардағы отыңыз сөнбесін...
Осыдан біраз жыл бұрын АҚШ университеттерінің бірінде студенттердің бітіру кешіне белгілі бизнесменді сөз сөйлеу үшін шақырған. Сонда кездесуге екі сағат кешігіп келген бизнесмен мінберге шығып, сөз сөйлеудің орнына 3 минуттық сөз айтып, шығып кетіп қалған екен. Ұйымдастырушылар мұндай жағдайдың не себепті орын алғанын түсінбей қалады. Бірнеше сағат бойы бітіруші түлектерге өзінің кеңестерін, ақылын айтады деп ойлаған олар, шын мәнінде, абдырап қалған.
Сондағы бизнесменнің айтқан сөздері мынадай болған: «Сендер, түлектер, бүгін университет бітіріп қолдарыңа диплом алып жатырсыңдар. Сендер үшін барлығы тамаша. Әрқайсысыңның әке-шешелерің алып берген көліктерің бар. Дайын тұрған жұмыстарың бар. Еш уайымдарың жоқ. Бірақ мен сендерге шындықты айтқым келеді. Бұл жұмыс арқылы сендер бар болғаны жылына 100 мың доллар табуларың мүмкін. Ал мен үшін бұл ақша түк емес. Мен – бизнесменмін. Бүгін сендерге қарап ешбіріңнің көздеріңнен жанып тұрған отты көріп тұрған жоқпын. Ал жанардағы отсыз сендер – ешкім емессіңдер!» – деп кетіп қалған екен.
Бірнеше жыл өтіп, бұл жағдай ұмытылған соң, әлгі университет басшылығы зерттеу жүргізіп көрмек болады. Университетті бітірген студенттердің қай легінің әлеуметтік жағдайы жоғары екенін салыстырмақшы болған. Нәтижесінде бітіру кешінде сөз сөйлеген студенттер ерекше өсім көрсеткен. Олардың мұндай көрсеткішке жетудегі себебін анықтау қиынға түседі. Осы уақыт аралығында ешқандай мұғалімдер мен ұстаздар ауыспағанын, университет жүйесінде ешбір өзгерістер болмағанын ескере отырып, сол жылы сөз сөйлеген әлгі бизнесменді еске алады. Сонда университет басшылығы шақырылған бизнесменнің 3 минуттық сөзі аталған студенттерге жақсы әсер еткенін түсінген.
Сонда әлгі бизнесмен соншалықты не айтты дейсіз ғой? Ол – студенттердің жанарында от жақты.
Жетістікке жету үшін көкірек пен жанардағы оттың болуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді.
Шын мәнінде, жетістікке жетіп, мотивацияны жоғалтпау үшін жанардағы отты жаға білу керек және оны сөндіріп алмау қажет.
Назерке МҰСА