Тыва республикасының Қызыл қаласында "Қазақконцерттің" өнерпаздары ел мерейін тағы бір мəрте үстем етті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дəстүрлі түрде жыл сайын өтетін "Көмей əнін орындаушылар фестиваліне" биыл Қазақстан тарапынан "Номад" этно-фольклорлық ансамблі қатысқан. Жапония, Норвегия, Канада, Франция, Испания, АҚШ, Хакасия және тағы да басқа елдер фестивальге қатысты. Барлығы 23 ел бақ сынаған сайыста қазақстандық өнерпаздар "Ең үздік ансамбльдік сүйемелдеу" аталымы бойынша суырылып алға шығып, арнайы дипломмен марапатталды.
Тывадағы "Хоомей" орталығының директоры Игорь Кошкендей "Номадтықтарға" өздерінің ұлттық аспабын сыйға тартты. Тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленген жерлестеріміз ресейлік радио, телеарналарына тікелей эфирде сұхбат берді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ерлан Асқарбековтың хабарлауынша, дəстүрлі түрде өтетін сайысқа Қазақстан биыл бірінші рет қатысып отыр. Сондықтан ұйымдастырушылар, өзге қатысушылар мен көрермендер тарапынан "Номадты" тыңдауға деген ықыласы ерекше болды. Біздің өнерпаздар сенімді ақтап, көпшіліктің ішінде ерекшелене алды. Еліміздің мерейін арттырған ұжымға шығармашылық табыс тілейміз!