Барселонадағы Рамбла бағында орын алған террористік шабуыл салдарынан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ екені анықталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті.
«Алдын ала ақпарат бойынша Барселонадағы теракты салдарынан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Анықтау жұмыстары жалғастырылуда. Қазақстанның Барселонадағы консулдығы жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдерімен тығыз байланыста», – деп жазды Жайнақов.
Айта кетейік, 17 тамыз күні кешке Барселонада теракт болды. Соның салдарынан 13 адам көз жұмды, 100 адам жараланды. Қаза болғандар мен жапа шеккендердің арасында 18 елдің азаматы бар екені анықталған.
Шабуылдың жауапкершілігін ДАИШ террористік ұйымы өз мойнына алды.