«Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторы болған Жанболат Мамайдың қамалғанына жарты жылдың көлеміндей уақыт болды. Ақпан айында тұтқындалған журналистке қатысты тергеу ісі аяқталып, 14 тамыз күні алғашқы сот отырысы өтті. Ақпан айынан бері әр күні үміт пен күдікке толы өтіп жатқан Жанболат Мамайға қатысты жүргізілген сот ісіне көз жүгірте кетейік.
Оппозициялық басылым «Саяси қалам. Трибуна» газетінің кезекті басылымы 1 ақпан күні шығуы тиіс болатын. Алайда, Жанболат Мамай БАҚ беттеріне берген сұхбатында аталмыш газеттің басшысы типография қызметкерлеріне: "Жұмыстан қуыласыңдар!" деп қорқытып, газеттің кезекті санын шығармай тастағандығын айтқан.
«Бұл газеттің жұмыс істеп келе жатқандығына 5 жыл болды. 1 ақпан күні әдеттегідей газеттің кезекті санын басып шығармақшы болдық. Алайда, «Бизнес-Информ» типографиясының жұмыскерлері басшылары қорқытып, аталмыш газетті басып шығаруға тыйым салған. Біздің бұл басылымда ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов жайлы үлкен мақала жарық көруі тиіс еді. Бәлкім, сол себепті де шығармай тастаған болар. Бұл – саяси астары бар мәселе секілді...», – деп айтты Жанболат Мамай.
Жанболат Мамай 10 ақпанда тұтқындалып, келесі күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотының шешімімен екі айға қамауға алынған. Тергеушілердің айтуынша, оны «БТА банктен ұрланған қаражатты «Саяси қалам. Трибуна» газеті арқылы заңдастырып келген» деген айып тағылған. Тергеу кезінде журналист бұл айыптарды жоққа шығарып, аталмыш істің саяси астары бар екендігін айтқан.
Кейіннен белсенділерден құралған «Жанболат Мамайды қорғау» тобы құрылған. Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева журналисті екі айға қамау жөніндегі сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.
Алайда сот журналисті қамауда ұстау туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды. Арызды қарау жабық жағдайда өтіп, соттың шешімін Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева хабарлаған. Ол 21 ақпанда Жанболат Мамаймен кездесіп, оның абақтыдағы жағдайын білуге тырысты. Оның айтуынша, түрмеде журналистке физикалық және моральдық қысым жасалған екен. «Саяси қалам. Трибуна» газетінің журналисті Инга Иманбай Жанболат Мамайдың адвокатқа жазған өтінішін Facebook желісіндегі жеке парақшасында жариялаған. Журналист өз өтінішінде өміріне алаңдайтынын және басқа камераға ауыстыруын сұрап жазған. Алайда мекеме басшысы Бақытжан Баймағамбетов журналистке абақтыда қысым жасалады деген айыпты теріске шығарған.
Екі айдан кейін Жанболат Мамайды қамау мерзімі тағы екі айға ұзартылды. Медеу ауданында өткен тыңдалым жабық түрде болып, оған тілшілерді кіргізбеген.
Кейіннен, маусым айында, Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартты. Әдеттегідей жабық түрде өткен тыңдалымға журналисті қолдауға келген белсенділер мен БАҚ өкілдері кіргізілмеген.
Оппозициялық «Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайдың жақтастары оны босатуды талап етіп, әлеуметтік желіде сәуір айында Mamay Fest акциясын өткізген. Белсенділер, журналисті босатуын талап етіп, оған тағылған айыптарды негізсіз деп таныды.
28 маусым күні журналисті қорғау комитетінің мүшелері дөңгелек үстел, билікпен қудаланған барлық журналистердің құқықтарын қорғауды көздеген. Олар сөз бостандығын алға тартып, БАҚ туралы жаңа заң жобасын сынға алған.
Кейіннен Алматы қаласында бір топ белсенді жиналып, 30 шілдеде пошта арқылы Еуропалық одаққа, ЕҚЫҰ және де біршама халықаралық демократиялық ұйымдарға хат жолдаған. Хатты жолдаушылар біршама биліктің қудалауына түскен азаматтардың тізімін атап, саяси тұтқын ретінде танылғандардың жағдайына назар аударуын сұраған. Онда Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі қайта қарауларын талап еткен.
Жоғарыда атап өткеніміздей, тергеу ісі аяқталып, 14 тамыз күні аталмыш іс бойынша алғашқы сот отырысы өтіп, адвокаты Жанар Балғабаева оны кепілмен босатуын сұраған. Алайда, судья ол ұсыныстан бас тартты.
Бүгін жалғасын тапқан сот процесінде Жанболат Мамайға қатысты іске БТА банкінің экс-топ-менеджері Жақсылық Жарымбетов куәгер ретінде шақырылған. Ол сотта Жанболат Мамайға ақша бергендігін айтты.
БАҚ беттерінде шыққан мәліметтерге сәйкес, Жарымбетов «елге тәуелсіз басылым керек» деген себеппен журналист Мамайға қаржылай көмек көрсеткен.
Айта кетер болсақ, биыл маусым айында Мұхтар Әбләзовтың ісі бойынша Жақсылық Жарымбетов шартты түрде қамауға алынған.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбләзов ұрлаған ақшаны заңдастырды деген айыппен ақпан айында тұтқындалған Жанболат Мамайға қатысты келесі сот отырысы 21 тамыз күні өтеді.
Назерке Лабихан