Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова Венгрияның ұлттық күнінде Қазақстан Республикасының атынан сөз сөйлей келіп, венгерлік делегацияны осы оқиғамен құттықтады және Қазақстан мен Венгрияның арасындағы түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жоспарлы түрде дамыту, өзара іс-қимыл әлеуетін одан әрі күшейту үшін жағдай туғызуды атап көрсетті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Өткен жылғы қазанда Қазақстан мен Венгрия арасындағы Стратегиялық кеңестің бірінші құрылтай мәжілісі өткізілді, Қазақстандық-венгерлік экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бесінші отырысы болып өтті. Екі елден 150 бизнесменнің қатысуымен бизнес-форум табысты өткізілді. 2016 жылдан бастап қазақстандық-венгерлік тікелей инвестициялардың инвестициялық қоры агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды қаржыландыруда өзінің белсенді қызметін бастады. Қазіргі уақытта жетекші венгерлік компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс істеуде. Мәселен, 50 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде, тараптар олардың санын көбейтуге мүдделі болып отыр», - деді ҚР ҰЭМ өкілі.
Мәдина Әбілқасымова сондай-ақ Қазақстан және Венгрия арасындағы байланыстың ортақ тарихи тамыры өзара қарым-қатынасты нығайта түсетінін атап өтті.
Оның айтуынша, 2017 жылғы бірінші жартыжылдықта екі ел арасында өзара сауданың жанданғаны байқалады. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, тауар айналымы өткен жылғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда 1,6 есе ұлғайды және 80 млн. АҚШ долларын құрады.
А.ж. маусымда Астана мен Будапешттің арасында тікелей әуе қатынасы ашылды.