Гонконгте 20 тамыз күні он мыңға жуық адам наразылық шеруіне шықты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі korrespondent.net-ке сілтеме беріп. Олар 3 саяси белсендіні абақтыға қамау үкіміне наразы. Шеруді ұйымдастырушылардың сөзінше бұл шара соңғы 3 жылдағы ең ауқымды бас көтеру болғалы тұр.
Еске салсақ, өткен аптада сот студенттік ереуілдің 3 көшбасшысын айыпты деп таныды. Олар 2014 жылы Гонконгте көтеріліс ұйымдастырған болатын. Заңсыз өткізілген ереуілдің қатысушылары әкімшілік басшысының әділ тағайындалуын талап еткен. Сөйтіп үкіметтік кешенге баса-көктеп кірген. Осыдан соң жастар полицейлермен қақтығысып қалды. Бұл жағдайдан кейін елде ауқымды шерулер басталды. Қарсылық акциялары 2 айға дейін тоқтаусыз жалғасты.