Қазақстан азаматтығын алуға мүдделілер көп

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Отырысты қысқаша сөз сөй­леп ашқан Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед күн тәртібіне үш мәселенің ұсынылатынын айтты. Олардың біріншісі бір топ шетелдіктің Қа­зақ­стан азаматтығын алу жөнін­дегі өтініштерін талқылауға арналса, екіншісі еліміз азамат­ты­ғынан шығатындардың тілегіне байланысты. Ал үшінші мәселе бойынша көші-қон саясатының өзекті жайттары қозғалып, ішкі істер органдарында жыл ішінде атқарылған жұмыстар сараланды.

– Біз бүгін еліміздің аза­мат­ты­ғын қабылдауға ниет білдірген, қазақстандық болуға ын­та­лылық танытқан көптеген шетел­діктердің өтініштерін қараймыз, – деді Мемлекеттік хатшы жиын­ды ашардағы сөзінде. – Қа­зақстан жыл өткен сайын әлем таныған, дүние жүзі мойындаған қуатты да айбынды мемлекетке айналып келеді.

Еліміздің әлеуметтік-саяси жә­не экономикалық дамуында қол жеткізген орасан зор та­быс­тары шетелдіктердің Қазақстан аза­маттығын алуға талпынысын да туғызуда. Мұндайлардың қа­та­рында Ресей, Украина, Латвия, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия және басқа да елдердің өкілдері бар. Сонау өткен ғасырдың 90- жылдары елімізден шет жақ­тарға асып кеткен бұрынғы жерлестеріміз арасында да туған жер­леріне қайтып оралуға құш­тар­лық танытып отырғандар аз емес.

– Мұның бәрін Елбасымыз­дың халықаралық аренадағы жыл санап ұдайы өсіп келе жатқан зор беделі мен әлем жұртының Қа­зақ­станның келешегіне деген үл­кен сенімінің белгісі ретінде қа­былдауға әбден болады, – деді М.Құл-Мұхаммед бұдан әрі. – Сондықтан да біз бүгін елімізде алғаш рет тойланғалы отырған республикамыздың Бірінші Президенті күні қарсаңында жаңа қазақстандықтарды өз ортамызға қабылдауға қуаныштымыз. Олар­ға ежелгі Қазақ жерінде бақытты өмір кеше отырып, ортақ Ота­ны­мыздың игілігі жолында қалт­қысыз қызмет ете беруді тілейміз. Олар енді Қазақстанның лайықты азаматы бола отырып, еліміздің дамуына өздерінің қолдарынан келген үлестерін қоса береді деген сенімдеміз. Бұл ретте біздің бірінші кезектегі міндетіміз жаңа отандастарымыздың еліміздің әлеу­меттік келбетіне тез бейімделулерін қамтамасыз ету болса, екіншіден, республика игілігі үшін жемісті барынша қызмет етулеріне жан-жақты жағдай жасау болып табылады.

Мемлекеттік хатшы өзінің сөзінде болашақ отандастарымыз үшін қазақстандық қоғамға тән ұлтаралық және конфес­сияара­лық тұрақтылық бастауларын терең жауапкершілікпен ұғыну­дың аса маңызды мәселе екенін атап өтті. Елбасының бастауымен жылдар бойы қалыптасып, берік дәстүрге айналған бұл татулық шең­берін ұдайы көздің қарашы­ғындай қорғап, оны еліміздің ілгері өрлеуі жолындағы ортақ мақсаттар үшін сақтап отырудың мәні өте жоғары. Мәселенің осы жағына айрықша назар аударған Мұхтар Құл-Мұхаммед бұдан кейін комиссияның бірқатар мү­ше­лерінің күн тәртібіндегі мәсе­ле­лерге байланысты есептерін тың­дады.

Комиссия отырысының қоры­тын­дысы бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

---------------------------------------------------------------

Тақырып туралы басқа БАҚ өкілдері не дейді?

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар