Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысына барды. Сапардың басты мақсаты – президентік бағдарламалардың кеншілер өңірінде жүзеге асу барысын қадағалап, қолға алынған жұмыстармен танысу.
Жалпы партия Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына орай нұротандықтар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына ұдайы бақылау жүргізеді. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед мамандандырылған көлік-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан «Ригер» ЖШС-ға арнайы барды. Бұл жерде дәрі-дәрмектер мен медициналық заттар сақталады. Кешен Австрия мен Ресейден әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған және мұнда жұмыс үдерісінің тиімділігін арттыру үшін автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілген.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жаңадан іске қосылған ескірген көліктерді жою зауытында болды. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан зауыттың Орталық Азияда ешқандай баламасы жоқ. Мұндағы индукциялық балқыту пешінің бір жылдық жобалық қуаты 22740 тоннаға дейін жетеді. Зауытта автоқалдықтардан пештік отындар, шойын, болат, алюминий, түрлі-түсті металл құймалары және резеңке қиындылары дайындалады.
Айта кетейік, аталған екі кәсіпорын да Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде іске қосылған.
Сондай-ақ, партия Төрағасының Бірінші орынбасары кеншілер өңіріндегі тағы бір заманауи кәсіпорын – «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС-ға барды. Мұнда құбырларды изоляциялау жұмыстары жүргізіледі. Зауыттың өнімдері жылу құбырларынан бастап мұнай құбырларын жүргізуге дейін қолданылады. Кәсіпорынға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар тұрақты көрсетіліп келеді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Изоплюс» ЖШС бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі осындай оң өзгерістерді жоғары бағалап: «Елбасымыз бүкіл елімізге, әрбір қазақстандыққа қажет жағдайдың бәрін жасады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді, оларды жүзеге асыру үшін жыл сайын триллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Енді бізге тек білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды. Бүгін мен Қарағанды облысында Елбасы тапсырмаларының табысты орындалғанының куәсі болдым», – деді.
Бүгінде Елбасы еңбек жолын бастаған Қарағанды облысы өнеркәсіп саласы бойынша еліміздің ең үздігі. Оған дәлел ретінде Қазақстандағы өңдеу саласының бестен бір бөлігін осы облыс қамтамасыз ететінін айтсақ та жеткілікті. Нақты айтқанда, Қарағанды өңірінде 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 950 млрд. теңгеден асып, 3,6 пайызға көбейген. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын «Нұр Отан» партиясы үнемі бақылауда ұстап, олқы тұстарды дер кезінде анықтап, алдын алуы да зор үлесін қосқаны сөзсіз.