Қыркүйек айының басында жылы ауа райы сақталғанымен, еліміздің батысында және оңтүстік-шығысында ауа райы жаңбырлы болады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазгидрометке сілтеме дасай отырып.
Алдын ала болжамға сәйкес, келесі аптада суық ауа массасының келуімен Қазақстанның барлық аумақтарында найзағай күркіреп, жаңбыр жауып, ауа температурасы бірте-бірте төмендейді деп күтілуде.
Қыркүйектің 4-7 күндері батыста түнде 12-20 градус жылы, күндіз 20-28 градусқа дейін жылы болса, 6-8 қыркүйек аралығында еліміздің солтүстігінде және орталығында, 8-10 қыркүйекте шығыста түнде 7-15 градус жылы, ал күндіз 17-25 градусқа дейін жылы болады.
6-8 қыркүйек аралығында оңтүстікте түнде 12-20 градус жылы, күндіз 22-30 градусқа дейін жылы, ал 8-10 қыркүйек аралығында оңтүстік-шығыста түнде 10-18 градус жылы, ал күндіз 20-28 градусқа дейін жылы болмақ.
Орталық Азия аймақтарынан жылы ауа массасының келуімен ауа температурасы қайтадан бірте-бірте жоғарылайды: солтүстіктің кейбір бөлігінде күндіз 22-30 градусқа дейін жылы, оңтүстіктің кей бөлігінде күндіз 27-35 градусқа дейін жылы болады. Алдын ала болжам бойынша, қарқынды салқын толқындары айдың үшінші онкүндігінде күтіліп отыр. Еліміздің солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, арты сулы қарға айналуы мүмкін. Ауа температурасы төмендейді: солтүстіктің кей аудандарында түнде 3 градус аяз және +5 градус арасында, ал күндіз 7-15 градус жылы болады. Ал оңтүстіктің жарты бөлігінде түнде 2-10 градус жылы, күндіз 17-22 градус жылы болады.
Пікір қалдыру