АҚШ Қазақстан экономикасының құлдырауына қалай әсер ете алады?

/uploads/thumbnail/20170922132344726_small.jpg

АҚШ пен Ресейдің шиеленісі, Ресейге салынған санкциялар туралы ақпарат отандық және шетелдік БАҚ-та күнделікті жарияланып, қызу талқығы түсіп отыр. АҚШ-тағы президенттік сайлаудың өткеніне біраз уақыт өтсе де қызуы басылмады. Оған президенттік сайлау науқанында Трамптың жақтастары ресейлік заңгермен Хиллари Клинтон туралы сөйлескенін қосыңыз. Екі ел арасындағы шиеленіс қалай өрбіп жатыр, Трамп билік басына келгеннен кейін екі ел арасындағы қарым-қатынаста оң өзгерістер болды ма? Антиресейлік санкциялардың Қазақстанға әсері қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Владимир Путин мен Дональд Трамп

АҚШ-тағы президенттік сайлауда Дональд Трамп жеңіске жеткенде Ресей мен АҚШ-тың шиеленісі жұмасарады деп күтілді. Себебі Дональд Трамп сайлау науқанында да оған дейінде бірнеше мәрте Ресей мен оның президенті Владимир Путин туралы жақсы пікір білдірген.

2015 жылдың шілде айында Трамп  АҚШ-тың президенттік сайлауына өз кандидатурасын ұсынуға ниет білдіргенде, дебат пен сұхбаттарында Владимир Путинмен жақсы қарым-қатынас орнатып, екі ел арасындағы ушыққан жағдайды түзей алатынын бірнеше мәрте айтқан.

Дәл сол жылдың желтоқсан айында Владимир Путин де Трамп туралы пікір білдірген.

«Өз елінде, шетелде де беделі бар адамның сені мақтағына мен үшін  құрмет. Ресей мен АҚШ бірлесіп терроризмді жеңетініне және әлемде бейбітшілік орната алатынына әрқашан сенетінмін» деді Ресей президенті.

Осындай пікірлерден кейін Дональд Трамптың президент болып сайлануына Ресей мүдделі екені айтылды. Тіпті Ресей хакерлік шабуыл жасап сайлауға өз ықпалын тигізді деген ақпарат шықты. Көп уақыт өтпей-ақ Дональд Трамптың ұлы Кіші Дональд Трамп, Джаред Кушнер мен Пол Манафорт ресейлік заңгер Наталия Весеницкаямен Trump Tower-де кездескені және кездесу барысында заңгер Хиллари Клинтон туралы компрамат бергені туралы ақпарат тарады. Осы іске қатысты тергеу жұмыстары басталды.

АҚШ-тағы президенттік сайлау мен оған Ресейдің әсері

Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға әсер еткені туралы әзірше нақты дәлел жоқ. Ресей үшін АҚШ-тың билік басында Хиллори Клинтонға қарағанда, Дональд Трамптың болғаны тиімді еді. Алайда Трамптың билік басына келгенінен Ресей мен АҚШ арасындағы жағдай түзелді деп айтуға келмейді. Оған Трамптың Ресейге қатысты санкцияларды күшейтуі дәлел. Сонымен қатар, Ресейдің Украинаға қатысты агрессиялық әрекеті тоқтамағанша санкциялар жұмсармайтынын да бұған дейін айтылды.

АҚШ президенті Барак Обама  болған тұста, сарапшылар оның Ресейдің агрессиялық саясатына қатысты өте сауатты әрекет етіп отырғанын айтты. Барак Обаманың соғыспен емес, санкциялар арқылы Ресейге соққы жасауы дұрыс қадам деп бағалады. Обаманың орнында Джордж Буш болса бірден қару асынған әскерін жіберіп адам шығынына батқан болушы еді. Алайда Обама қантөгіссіз-ақ Ресейге ауыр соққы жасай білді. Соның салдарынан, Ресейдің экономикасы біраз ауырлықты сезінді. Әлі де қиындық көріп отыр. Ресей Украина мен Қырымға қатысты саясатын өзгертетін ойы жоқ екенін ескерсек, антиресейлік санкциялардың дені күшеймесе әлсіремейтіні анық.

Антиресейлік санкциялардың Қазақстанға әсері

Ресей Қазақстанмен шекаралас ел. Еуразиялық экономикалық Одақтамыз. Сондықтан Ресей экономикасындағы өзгеріс Қазақстанға да салқынын тигізбей қоймайды. Инфлянция, рубльдің құнсыздануы теңгеге әсер етеді. Осы мәселе төңірегінде Qamshy.kz журналисі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген еді.

«2 жыл бұрын рубль қатты құнсызданған уақытта біздегі капитал ағымы Ресей жаққа қарай ойысқан. Көлік сатып ала бастадық, еліміздегі ресейлік тауарлардың бағасы арзандады. Кәсіпкерлеріміз қиын жағдайға тап болған. Бірақ ол уақытта біз теңгемізді 190-нан асырмадық. Бідің теңгеміз қалыпты болғандықтан, тауарларымыз бәсекеге қабілетсіз болды.

Енді капиталдың Ресейге ағып кетпесі үшін, Ресейдің алдында ұтылып қалмас үшін біздің үкімет теңгені сәйкесінше құнсыздандыру саясатын ұстанады деп айтуға болады.

Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде өз жемісін беріп отырған жоқ. Осы одаққа мүше болғалы, тек зардабын көріп келеміз. Ресейдің жағдайы жақсармай, біздің жағдай оңалады деп айту қиын» деді экономист.

Кейбір сарапшылардың пікірінше Ресеймен одақтас болып отырғанымыз еліміздің саяси иммиджіне де нұқсан келтіреді. Яғни агрессор елмен бір экономикалық одақта болуымыз Еуропа, Батыспен қарым-қатынасқа кері әсерін беруі мүмкін.

Қазақстан зайырлы мемлекет. Оның жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаты бар. Қазақстанның тұтастай экономикасы, саяси иммиджі, әлеуеті тек бір елге байланып, соның ішкі, сыртқы жағдайына байланысты ғана өмір сүрмейтіні де хақ. Тек өзге елдің ықпалында болып өз мүддемізді ысырып қоймасақ болғаны.

Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар