Бүгін Семей қаласында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның ескерткіші ашылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ескерткіштің ашылуына облыс әкімдігінің басшылығы мен зиялы қауым өкілдері, республикалық «Ақ жол» партиясының мүшелері қатысып, сөз сөйледі. Ескерткіштің авторы Бақытбек Мұхамеджанов.

Ескерткіштің ашылуына жиналған халықпен бірге Парламент Мәжілісінің депутаты, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, профессоры Ғарифолла Есім ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов т.б. қатысты. Ұлт көсемінің ескерткішінің ашылу салтанатына келген белгілі жазушылар мен ақсақалдар ізгі тілектерін білдірді.


Еске сала кететін болсақ, 2012 жылы Парламент тарихында Алаш арыстарын алғаш атап, депутаттық сауал жасаған «Ақ жол» партиясы 2015 жылы тағы да Үкіметке осы мəселеге байланысты депутаттық сауал жолдаған еді. Оны партия төрағасы Азат Перуашев жариялаған. Онда Алашорданың астанасы болған Семейді Алаш қаласы деп атау, сол қалада Алаш Үкіметінің басшысы Əлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш орнату жөнінде ұсыныстар айтылып еді.
Фото inform.kz сайтынан алынды.