Алматыда жанармай бағасының күннен күнге шарықтауы басты мәселе болып отыр. Тіпті, қазақ жастары ащы мысқыл аралас бейнеклиптер те түсіріп, желіні ашуға булықтыруда.
Мәселен, АИ-92 жанармай бағасы 162 теңгеге көтеріліп кеткен. Автокөлік жүргізушілері бұрынғыша қолма-қол сомаға бензин сатып ала алмай, таллонмен ғана алатын жанармайдың қоры тіпті кейбір бекеттерде таусылып та қалған. Осыдан төрт күн бұрын Алматы әкімшілігі жасаған мәлімдемеде: «Helios, Sinooil, «ҚазМунайГаз» сынды ірі жанармай бекеттерінде 8-10 күнге дейін жетерлік жанармай қоры бар» делінген еді. Алайда, бүгінгі күні тіпті жоғарыда аталған бекеттердің өздері жанармай жоқтығын алға тартуда.

Бүгінде жанармай бекеттерінің алдында ұзын сонар көлік кезегін көруге болады. Әрине, қандай жағдай болмасын, оңай жерден артық пайда көріп қалуға тырысқандар, бос ыдыстарын жанармаймен толтырып, бекеттердің алдын қызу саудаға айналдырған.

Осы жағдайға кімдерді кінәлауға болады?
ҚР Мәжіліс Депутаты Мәулен Әшімбаев бұл жағдайға кінәлі «кейбір топтардың табысын көбейтуге талпынуынан» деп отыр.
«Бұл мәселенің анық-қанығын біліп алу керек, неліктен Алматы мен Астанада жанармай жоқ? Мүмкін бұл жағдай еліміздің басқа да облыстарында орын алып отырған шығар. Менің ойымша, мемлекет халыққа бұл мәселеге не себеп болғанын жасырмай айтуы керек»,- деді ол тілшілерге берген мәлімдемесінде.
Мәжіліс Депутатының айтуынша, әлемдік нарықта мұнай бағасы бір қалыпта.
«Жалпы алғанда, жанармайдың бағасы біздің кәсіпкерлерге пайда әкелуге жеткілікті еді. Сондықтан өзіміздің Мұнай, Газ және Қаржы нарығы жұмысын істеп тұрғанда жанармай тапшылығы мен қымбаттауының себебін түсіндіру өте қиын. Сол себепті үкімет бұл жөнінде өзінің бұлтартпас дәлелін келтіруі тиіс халыққа»,- деп ойын нақтылады ол.
«Мүмкін менің айтқандарым нақты себепті көрсетіп тұрмаған шығар, бірақ мен одан басқа себепті таппай тұрмын. Сол белгілі бір топтардың қалталарын қалыңдатпақ ойының нәтижесі деп қана білемін. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет бұл мәселеге назар аударуы тиіс».
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, келе жатқан сәрсенбіде депутаттар жанармай мәселесін жоспарлы отырыста талқылауы тиіс. «Егер депутаттар отырыста бұл мәселені күн тәртібіне қоймаса, басқа да әріптестер ол жайында міндетті түрде айтатын болады» деп сөзін түйіндеді Әшімбаев мырза.
Тоқ етері, Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы жанармай тапшылығы үшін айтарлықтай себептің жоқ екендігін ашық айтты.