Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қабылдады

/uploads/thumbnail/20171023151937739_small.jpg

Кездесуде Мемлекет басшысы елімізде өтетін халықаралық іс-шаралар барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын айтып, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізген кезде құқық қорғау құрылымдарының сапалы жұмыс атқарғаны үшін тағы да алғыс білдірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Мен арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізген кезде үйлесімді жұмыс жүргізгені үшін алғыс айттым. Олар тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алды, сондықтан көрмеге келген барлық қонақтар тарапынан жақсы баға берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов еліміздегі қазіргі ахуал мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

– Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде арнаулы және құқық қорғау қызметтері өз міндеттерін жоғары деңгейде атқара білді, – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

Қатысты Мақалалар