4 тілдің әліпбиін жатқа білетін 4 жастағы «вундеркинд» балаға жұрт сүйсінді

/uploads/thumbnail/20171027130447878_small.png

Экранға жол тартқанына көп уақыт болмаса да «Хабар» телеарнасынан көрермен жүрегіне жол тапқан отбасылық-танымдық «Ана мен бала» бағдарламасы отбасы, ошақ қасындағы тірліктен өркениеттің өзіне дейінгі түйінді мәселерді қаузайды. Қазіргі алмағайып қоғамда отбасылық таным, балаға деген сүйіспеншілік пен түсінік жалпы алғанда отбасы мәселесі қай тұрғыдан қарасақ та күн тәртібінен түспек емес. Себебі, әр адамды тұлға ретінде қалыптастырып, өмір жолының соқпағына салып та беретін, оның таңдауына, арманына тікелей ықпал ететін ол – отбасы, отбасында алған тәрбие. Халық даналығы «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтпаса керек-ті. Осының бәрін бір үддеге сыйдыратын «Ана мен бала» бағдарламасы отандық телеарнадағы қазіргі таңда көшбасшы деп айтсақ та қате айтқандық емес. Себебі, ол қоғамға қажет, оның сұранысын тудырып отыр.

Ана мен бала

Әсіресе қазіргідей балаға әке мен ананың мейірімінен гөрі компьютер мен смартфонның ықпалы күшейіп тұрған уақытта БАҚ тарапынан жөн сілтер көмекші дүниелер керек-ақ. Өйткені технология қарыштаған осынау жанталас заманда балаға көңіл бөлу, оның жан дүниесіне үңілу, баланың тілін табу әр адамның оңай атқарып тастайтын шаруасы болмай тұр. Уақыт жетпеушілік, жұмысбастылық, стресс осының бәрі үлкендерге баланың қабылетін бағамдап, оған жол көрсетуге кедергілер келтіріп отырған факторлар. Осы тұрғыда ерекше дарыны бар балаларды тауып, оларды көпке танытып, баланың қабылетін ерте қалай байқауға болатыны жайлы кеңестерді де "Ана мен баладан" көріп жүрміз.

Ана мен бала

Мәселен, аталған бағдарламының кезекті бір санында төрт тілдің әліпбиін жатқа білетін Бейбарыс Дүйсен есімді 4 жастағы бала анасымен бірге студия қонағы болды. Бала қабілеті көгілдір экран алдында кеңінен ашылды. Бар-жоғы 4 жаста болса да, қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінің әліпбиін жатқа білетін әрі оны аса үлкен жылдамдықпен әспеттеп жаза алатын «вундеркинд» баланың қабілеті жұртты сүйсіндірді. Анасы Ботагөздің айтуынша, Бейбарыс алғашқыда ағылшын тілінің әліпбиін меңгерген. Оған әсер еткен Youtube желісіндегі әліпби үйрететін бейнежазбалар болса керек. Кейіннен қазақ тілінің әліпбиін меңгерген жеткіншек, тілде 42 әріп барын айтып, оны студия тақтасына еш кідірместен жазып берді. Әлемдегі қиын тіл әрі әліпбиі де мейлінше күрделі саналатын араб әліпбиіндегі 28 таңбаны еш қиналмастан атап, жазып берген Бейбарыстың қабілеті ақиқатында таң қалып, таңдай қағуға тұрарлық. Анасы Ботагөздің айтуынша, араб тілінің әліпбиін үйренуге мейлінше себеп болған, «Асыл арна» телеарнасы екен. Балаға телеарнаны, Youtube желісін қосып беретін ата-ана Бейбарыстың әліпбиді өз бетінше бірден ойға тоқып алатынын айтып ағынан жарылды.

Отандық телеарнада отбасылық-танымдық бағдарлама ретінде көш ілгері келе жатқан "Ана мен бала" бағдарламасы бүгінде Бейбарыс сияқты талай баланың талантын танытып қана қоймай, қазақ халқының салт-сана, мәдениетін ту ғып ұстап, отбасылық құндылықтарды телеэкран арқылы насихаттайды, ана мен балаға қажет кеңестер айтылып, тәжірибелер көрсетіледі. Әр аптаның сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері «Хабар» телеарнасынан экранға жол тартатын берері мол бағдарлама кез келген ата-анаға бала тәрбиесінде көмекші, кез келген көрерменге тұрмыстық мәселелердің жай-күйінен барынша кең ақпар беретін, таным көкжиегін арттыратын тың жоба. Отбасылық құндылықтарды насихаттай жүрейік!

Қазіргі бұқаралық мәдениет кең етек жайлаған заманда отбасы, ата-на мен бала қатынасын, қоғамдағы зерек балалардың талантын елге танытуды мақсат тұтқан аталмыш бағдарлама қоғамға керек-ақ. Жеңіл әзілге, арзан күлкіге негізделген жобалардан шаршаған көрермен мұндай бағдарламаға шөлдеді. Қазіргі нарық заманының жетегінде кетіп отбасы құндылығы, махаббат, қамқорлық секілді жылы сезімдерге зәру халыққа «Ана мен бала» секілді жоба ауадай қажет. Атауының өзінен өмірдегі ең асыл адамдардың бір-біріне деген шексіз махаббатының лебі есіп тұрғандай. Түптеп келгенде өмірдегі ең ыстық та, махаббатқа толы пана ол - отбасы. Ал ана сол отбасы атты кішігірім әлемнің берекесі. 

Қатысты Мақалалар