Нұрсұлтан Әбішұлы: Екі мың жылға жететін тарихымыз бар. Біздің ұрпақ білуі керек, біз құрәшейін бір жақтан пайда бола салған адам емеспіз. Біз кеше ғана аспаннан салбырап түскен ештеңесі жоқ халық емеспіз. Біздің тарихымыз бар, ол тарих бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр. «Біздің тарихымыз совет одағының тарихы» деп келдік, сондықтан осыған ес жинап көңіл бөлетін кез келді. Соны біз хандықтың 550 жылдығынан бастаймыз. Біз сол бабаларымыздың, хандықтың жиынтығымыз. Бізге олар кең жерді сақтап қалды. Әркім өзіне «осындай ен дала қазаққа қалай қалды» деп сұрақ қоятын шығар? Халқымыз көп емес... соған жауап беру үшін хандықтан бастауымыз керек. Тарихымыз қандай дегенге жауап беруіміз керек. Ресейдің, Египеттің, Иранның өз тарихы бар, біздің неге тарихымыз жоқ? Ұрпақтарымыз аяғынан нық тұру үшін біздің арт жағымызда бабалардан қалған ел, жұрт, хандық болғанын, олар осы жер үшін күрескенін, қан төккенін ұрпақ білуі керек. Мына тұрған Қазақстан – бүкіл тарихтың түп тамыры. Ұрпақты осылай тәрбиелеу керек. Тілімізді, дінімізді, ұлттығымызды сақтап қалған қандай керемет халықпыз! «Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген өлеңді сөз бар. Мәңгілік ел деген – идея, осы идеяның төңірегіне топтасу керек. Қазақтың барлық тарихы – бірігу тарихы. Үш жүздің баласы бірігіп соғысқа шыққан кезде ешбір жау төтеп берген жоқ. Бізді бөліп-жарған кезде жау алды, осыны есте сақтау керек. АЛЛА берген, ата-бабаларымыздың тілегімен келген тәуелсіздікті сақтап қалу үшін қазақтың өзінің ішіндегі алауыздықтан құтылу керек. Түбінде ол бізге хауіп болуы мүмкін. Ата-бабалардың берген кең даласын, мемлекеттілігін қолымыздан жіберіп алу – өмірбақи күнә болып саналады. Тәуелсіздікті алғаннан сақтап қалу қиын...
Сурет: akorda.kz