«QAZAQSTAN» телекорпорациясына қарасты телеарналардың атаулары өзгерді

/uploads/thumbnail/20171030191829871_small.jpg

«QAZAQSTAN» телекорпорациясына қарасты 14 аймақтық телеарналардың атаулары өзгерді. Бұрын «Қазақстан - Павлодар», «Қазақстан - Қарағанды», «Қазақстан - Қызылорда» деп аталып келген өңірлік телеарналар енді «ERTIS», «SARYARQA», «QYZYLORDA» болып өзгерді. 

Бұл туралы бүгін «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақпарат мәліметіне сүйеніп.

«Барлық арналардың логотиптеріне өзгеріс енгізіп, әр өңірдің өзіне ғана тән табиғи-географиялық атауларын қолдануды жөн көрдік. Мысалы, бұрын «Қазақстан - Павлодар», «Қазақстан - Қарағанды», «Қазақстан - Қызылорда» және т.б болып аталса, енді «ERTIS», «SARYARQA», «QYZYLORDA» болып өзгерді. Жаңа маусым аясында аймақтық телеарналарда бірқатар жаңа бағдарламалар шыға бастады. Студиялардың дизайны жаңарып, әртүрлі жобалардың саны артты. Жалпы, бұл бастама аймақтардағы телеарналарға жаңа леп, жаңа серпіліс қана беріп қоймай, қазақ телевизиясының заманауи үрдістерге бейімделіп, әрі қарай дамуына жол ашады» -деді Е.Қарин.

Басқарма төрағасының айтуынша, жаңа атаулар жергілікті зиялы қауыммен, арна ұжымымен ұзақ талқылаудан кейін бекітілген.

Сондай-ақ, жаңа маусым аясында барлық аймақтағы телеарналарда түрлі бағыттағы 96 бағдарлама шығып үлгерді. Олардың қатарында білім саласындағы республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жетістікке жеткен жастар жайлы «Ертіс өңірінің ерендері», қазақтың ұлттық қолөнеріне арналған «Талғам мен таным», ауыл мен қаланың тыныс-тіршілігін салыстыра отырып, ұмыт болып бара жатқан мал сою, жіліктеу, табақ тарту, қымыз пісіру сияқты қазақы тұрмысты насихаттайтын «Бүк-Шік» және өзге де қызықты жобалар бар.

 «QAZAQSTAN» өңірлік телеарналарының жаңа атаулар тізімі:

  1. «Қазақстан-Қызылорда» - QYZYLORDA
  2. «Қазақстан-Петропавл» - QYZYLJAR
  3. «Қазақстан-Қарағанды» - SARYARQA
  4. «Қазақстан-Ақтөбе» - AQTO`BE
  5. «Қазақстан-Атырау» - ATYRAY`
  6. «Қазақстан-Орал» - AQJAI`YQ
  7. «Қазақстан-Тараз» - JAMBYL
  8. «Қазақстан-Көкшетау» - KO`KS`E
  9. «Қазақстан-Павлодар» - ERTIS
  10. «Қазақстан-Ақтау» - MAN`G`YSTAY`
  11. «Қазақстан-Өскемен» - ALTAI`
  12. «Қазақстан-Семей» - SEMEI`
  13. «Қазақстан-Қостанай» - QOSTANAI`
  14. «Қазақстан-Шымкент» - ON`TU`STIK

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар