Сағадиев Парижде Қазақстанның білім саласы туралы сөз сөйледі

/uploads/thumbnail/20171106084650840_small.jpg

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Парижде  ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 39-шы сессиясына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Кездесуге әлемнің 100-ден астам мемлекетінің білім министрлері жиналған. ЮНЕСКО сессиясының негізгі мақсаты – білім мазмұнын жаңғырту, саланың жаһандануы мен үдемелі интернационализациясы ғаламдық көзқарастағы және осындай жауапкершілігі бар қазіргі заманға сай жаңа буын қалыптастырудағы негізгі трендтер болып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз сөзінде Қазақстанның білім саласындағы орнықты даму мақсаттары мен интеграциялық үдерістерді қолдайтынын айтты. Ол Астанада өткен "EХРО-2017" халықаралық көрмесінің жетістіктерін айта келе, оның негізінде БҰҰ-ның бес агенттіктерінің қолдауымен қызметін үнемі жалғастыратын Халықаралық "жасыл" технологиялар және "болашақтың энергиясы" орталығын құрып жатқаны жөнінде мәлімдеді.

Сағадиев көрмеден кейінгі кезеңде Ислам ынтымақтастық ұйым мүше елдерінің ғылыми зерттеулер мен білім саласындағы жобаларды бірлесіп жүргізу жөніндегі шешімді Астанада өткізілген алғашқы Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің нәтижесі ретінде атап өтті.

Білім саласының даму барысы туралы баяндаған министр мектептердің жоғары сыныптары мен колледждерде ағылшын тілінің пәндік деңгейде енгізу жоспарлары туралы айтты. Сонымен қатар ол еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еріктігі едәуір кеңейетіндігі туралы мәлімдеді – бұл білім бағдарламаларын құрып, басқарудың тиімді тәсілдерін ендіруге мүмкіндік беріп, Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы білім орталығына айналуына септігін тигізеді.

Ерлан Сағадиев елдегі ЖОО-на шетелдік студенттерді тарту және ұлттық кәсіби стандарттар және біліктілік құрылымын халықаралық деңгеймен сәйкестендіру қажеттігі мәселелерін қозғап, Қазақстанның ЮНЕСКО аясында жасалып жатқан барлық бастамаға қатысуға дайын екендігін жеткізді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар