«Елбасы курстастары» қоры бүгінде президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын насихаттау, ел мен Елбасы арасында дәнекер болу бағытында бірқатар жұмыстар атқаруда. Қор жұмысының басы-қасында жүрген Елбасымыздың курстасы Ерментай Сапарбаевпен болған сұхбатымызда ел жайы, Елбасының ғибратты өмірі туралы әңгіме қозғадық.
—Өзіңізді Елбасының курстасы ретінде танимыз. Сол таныстығыңыз туралы айта отырсаңыз.
Днепредзержниск қаласына комсомолдық жолдамамен бардық. Бір апта өткеннен кейін бізді мамандықтарға бөлді. Нұрекең шойын қорытушы мамандығын таңдады. Мен шойыншы болдым. Төрт жыл бойы бірге жұмыс істедік.
1961 жылы әкем қайтыс болып, елге қайттым. Әкемді жер қойнына тапсырып, жылын өткізіп болғаннан кейін Нұрекеңе хат жаздым. «Осылай да осылай жағдаймен елге кетіп едім. Енді қайта оралсам бола ма?» деген өтінішімді жерге қалдырмады. Жанына жұмысқа алды. Содан төрт жыл бірге жұмыс істедік.
Нұрекең қамқор, ұйыдастыру шеберлігі керемет. «Жігіттер, жұмысты дұрыс істейік. Тәртіпті болайық. Бізді Қазақстан күтіп отыр» дейтін. Комсомол жұмысында да белсенді болды.
—Болашақ президентті сол кезде анық тани алдыңыздар ма?
Нұрекеңнің дарын-қабілетінің ерекше екендігін сол кездегі қатар жүрген азаматтардың барлығы байқады. Көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетіне, алғырлығына, көрегендігіне тәнті болатынбыз. Күні бұрын барлығын ойластырып қоятын. Ысырапқа жол бермейтін.
—Өзіңіз туралы ақпарат бере кетсеңіз.
Әкем шаруа болған. Кейін бірнеше жыл Леңгір қаласының шахтасында жұмыс істеді. Оған дейін ұжымдастыру жылдарында кеңестік шаруашылықты орнатуға көп көмегін тигізген. Малды асылдандыру жұмыстарына араласқан. Шахтаға да зор еңбек сіңірген. Шахтаның жылқыларын маған бақтырды. Сонда шахтадағы жұмысының шет жағасын біліп өстік. Мамандық таңдауыма да сол кісінің ақыл-кеңесі көп әсер етті.
—Елбасы саясатын оның курстас достары қаншалықты қолдап жүр?
Елбасы саясаты елдің бүгінгі тыныс, тіршілігінен анық көрініп тұр ғой. Қазақ баласы бұрын бастан өткермеген күндер кешіп отыр. Өндіріс те, ғылым-білім де өз ретімен дамып жатыр. Жиындарда, кездесулерде Елбасына елдің жағдайын жеткізіп, ел ішіндегі ахуалдан хабардар етіп тұрамыз. Елбасы да көңіліндегі сұрақтарын қойып, ойымызды білді. Ондай жиындарда жеке басымыздың жағдайын сұрап жатса да әңгімеміз негізінен ел жайында болады. Осы тұрғыдан алғанда Нұрекеңе барлық замандастары тілекші, еліміздің тыныш болуын, осы бағытымен дами бергенін қалаймыз.
Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру