Қазақтың саны қанша?

/uploads/thumbnail/20170708161748089_small.jpg

Кез келген мемлекеттің ішкі-сыртқы дамуы тікелей халық санының өсімімен байланысты. Сондықтан барша елдер халық санының артқандығын я болмаса кемігендігін басты назарда ұстап отырады. Тарихи деректеге сүйенсек, осыдан төрт мың жылдан артық уақыт бұрын Қытайда алғаш халықты есепке алу санағы өткен екен. Содан бері әр халықтың демографиялық ахуалы дүниежүзілік шеңберге шығып, болжалды түрде өсім көрсеткіштері анықталып, талқыға салынып келеді. Бұл үрдісті біздің ел де жыл сайын әдетке айналдырған. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша еліміздегі халық саны 17 млн. 377 мың адамды құрайды. Өзге елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіштің «қарқыны қатты» деп айтуға келмейді. Десе де, халық санының жылдық өсімі жаман көрсеткіш көрсетіп отырмағандығын Елбасымыз тележурналистермен кездесу барысында айтып өтті. «Таиланд елі алғаш тәуелсіздік алған кезде халқы 16 млн. болса, қазір 65 млн-ға жеткен. Бар болғаны 40-50 жылдың ішінде халық санының өсімі айтарлықтай өскен. Біздің елдегі 2050 жылға жоспарлаған бағдарламада 2020 жылға қарай халқымыздың саны – 20 млн.-ға жетсе екен деп ойлағанмын. Кезінде тәуелсіздік алған тұста 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 млн. халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 млн.-ға дейін түскен. Қазіргі уақытта, енді қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 млн.-нан астам қандастарымыз сырттан келіп жатыр. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, халыққа жағдай жасау арқылы халық өсімін арттыру, оның ішінде балаларға жағдай жасау толығымен дұрыс жолға қойылды», ̶  деді Елбасы.

Бүгінгі таңда жалпы халықтың 9 млн. 597 мыңы қалалықтар болса, ауыл тұрғындары – 7 млн. 780 мың адамды құрайтындығы анықталып отыр. Яғни бұл дегеніңіз қалалықтардың үлесі 55 пайыз, ал ауыл тұрғындары 44,8 пайыз құрайды деген сөз. 2014 жылғы қаңтар-қазанда жалпы елімізде халық саны 1,3 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш халық саны 2013 жылғы 1 қарашамен салыстырғанда 1,5 пайызға артқандығын аңғартады. Елдегі демографиялық ахуал 2001 жылға дейін қарқындылық танытып отырған еді. Мамандардың пікірінше, 2001 жылдан бастап демографиялық ахуал жақсарғанымен әр жанұяда бала туу деңгейі төмендеп кеткен. Соңғы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде осы жылдың алғашқы жартысында-ақ дүниеге 198 мың сәби келген. Сарапшылардың пайымынша, мұндай демографиялық көрсеткіштермен 2014 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихына бала туу көрсеткіші бойынша рекорд орнатылған жыл болып енуі бек мүмкін. Соңғы рет бала туу бойынша мұндай көрсеткіш ширек ғасыр бұрын тіркелген. Жалпы, еліміздің халық саны жоспарланғаннан әлдеқайда тезірек өсіп жатыр. 90-шы жылдардағы демографиялық есептеулер бойынша, Қазақстан тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 20 млн.-ға жету көзделген. Алайда бүгінгі күннің өзінде республикамызда тұратын азаматтардың саны тоқтаусыз өсіп келе жатқанын аңғартады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, күн сайын елімізде мыңнан аса нәресте дүние есігін ашады. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, бір ғана Астана қаласының өзінде Тұңғыш Президент күні мерекесінде 60 сәби дүниеге келіпті. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 10 балаға артық.

Солтүстік өңірдің болашағына болжам көңіл көншітпейді

2050 жылға қарай еліміздің солтүстік өңірлеріндегі халық саны шамамен миллион адамға қысқарып, оңтүстік өңірде бұл 5,2 млн. адамға өсетіндігі туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеген болатын. Тоқтала кететін жайт, министр келтірген болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай, Қазақстан халқының саны 20,3 млн. адамды құрамақ. «Бұл 20,3 млн. адамның 52,7 пайызы 2030 жылға қарай негізгі бес өңірге тиесілі болады. Мәселен, Алматы облысында 2,5 млн. адам, Жамбыл облысында 1,249 млн. адам, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 млн. 660 мың адам, Астана мен Алматы қалаларында 3,3 млн. адамды құрайды. Ал осы кезең ішінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны кеми түседі. Егерде, біз көші-қонға қатысты үдерісті өзгертпестен ұстап тұрсақ, онда оңтүстік өңірлерде туу есебінен халық саны артып, керісінше солтүстік өңірлерде төмендей береді», ̶ деді Тамара Дүйсенова ханым. Осының салдарынан оңтүстік облыстарда жұмыссыздық күшейсе, теріскей аудандарда жұмыс күші жетіспеуі мүмкін. Мұндай жағдай болмас үшін, оңтүстік жұртын түрлі ынталандыру тәсілдерімен Петропавл, Қостанай, Өскемен секілді облыстарға көшіру керек, ̶ дейді министр. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2050 жылға қарай ішкі көші-қон саласында теңгерімсіздіктер орын алуы ықтимал.

Болжамды деректер бойынша оңтүстік өңірдегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстік өңірден 4 есеге артатын болады. «Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын қоспағанда) халықтың 38 пайызы шоғырланса, сөйте тұра олардың жалпы аймақтық өнімдегі үлесі 17 пайызды ғана құрайды. Ал батыс өңірлерде халықтың 11 пайызы құрып, жалпы аймақтық өнім үлесі 22 пайыздан асады. Солтүстік аудандарда халықтың 29 пайызы шоғырланып, жалпы аймақтық өнімі 25 пайызды құрауы мүмкін», – деді Т. Дүйсенова. Бұл ретте министр оңтүстік өңірлерде адамдардың басым бөлігі сауда және басқа да қызметтерге тартылса, солтүстік аумақтардың экономика өсімі бір қалыпты болмақ. 2032 жылға қарай Қазақстан халқының саны 2013 жылдың қортындысымен салыстырғанда 20 пайыз немесе 3,3 млн. адамға өседі деген болжам бар. Бұл туралы Тамара Дүйсенова:«18 жылда еліміздің халық саны 3,3 млн. адамға, яғни 20%-ға артады», – дейді. 16 жылда (2030 жылға қарай) Қазақстан халқы 20,3 млн. адамнан асады. Министрдің мәліметінше, 2030 жылға қарай дамыған елдерде халық өсімі 3-6 пайыздық деңгейде сақталады, оған АҚШ, Канада және Австралия кірмейді, онда халық өсімі 13-16 пайызды құрайды. Оған қоса, Ресейде халық санының 3-4 пайызға төмендеуі мүмкін екен. Ал алдағы он бес жылдықта Қытайда 3-4 пайыз, Бразилияда 10-12 пайыз, Үндістанда 20 пайызға өсім болады деп болжануда. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Үндістан 2030 жылға қарай халық саны бойынша Қытай халқынан асып түсуі бек мүмкін.

Оралмандар мәселесі әлі оңалар емес

Осыдан 5-6 жыл бұрын еліміздің демографиялық ахуалы нашар болғанын ресми деректер жоққа шығармайды. Жалпы туу үрдістерінің әлеуметтік, демографиялық заңдылықтары барын ескерсек, бұл ретте халық санының өсімін арттыруда қандастарымызды елге қоныстандыру аса маңызды қадам болмақ. Сөзімізге дәлел, 2010 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстан жұртшылығының өсімі – оралмандар есебінен болған. Тек қана соңғы он жылдың ішінде Қазақстанға 1 миллионнан астам оралман келді. Соның арқасында Қазақстан жұртшылығы 2010 жылғы санақтың көрсеткіші бойынша 16 миллион 400 мыңнан асқан көрсеткіш көрсеткен болатын. Тағы бір ескеретін жайт, оралмандардың ішінде бала туу бірнеше есе көп екендігі анықталған. «Ел аумағы бойынша оралмандарды қоныстандыру саясаты, оралман мәртебесі туралы мәселелерді, оларды әлеуметтік қамсыздандыру және азаматтық алу құқығын қайта қарастыру қажет. Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағына келген барлық этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру қоныстандыру өңіріне қарамастан жүзеге асуы шарт. Қазіргі таңда оралман мәртебесі Үкімет айқындаған өңірлерге келген этникалық қазақтарға ғана беріліп келеді. Екіншіден, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберінде әлеуметтік көмекті Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп келген оралмандарға көрсету. Соның ішінде оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жылдың ішінде басқа өңірлерден көшіп келгендерге осыны қарастыру керек», – деді министр Тамара Дүйсенова. Бұл ретте әлеуметтік көмекті Үкімет белгілеген қоныстану аймақтарына елдегі басқа аймақтардан көшіп келген оралман ала алады. Алайда бұл аймақтардан бес жыл толмай шығып кеткен жағдайда әлеуметтік пакет мемлекет пайдасына қайтарылатын болады. «Азаматтық алу құқығы туындайтын мерзімді барынша қысқарту, яғни ықтияр хат алғаннан кейін бірден беру ұсынылады. Бүгінгі күні ол ықтияр хат алғаннан кейінгі төрт жылдан соң деп қарастырылған. Сонымен қатар, оралман мәртебесін беру жеті жылдан бір жылға қысқартылады», – деді Т. Дүйсенова. Оның сөзіне қарағанда, оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жылдың ішінде азаматтық алуға өтініш бермеген жағдайда, оралмандардың елде қоныстану мүмкіндігі күрделене түспек. Алдағы уақытта елдегі геодемографиялық тартыстың күшейе түсетіндігін кейбір сарапшылар айтып-ақ жүр. Осы ретте, сыртта жүрген қандастарымызды солтүстікке орналастыру процесі мемлекет үшін де оңтайлы шешім болар еді.

Мемлекетті модернизациялау үшін халықты тиімді орналастыру және өмір сүру сапасын жоғарылату мақсатында жұмыс жүргізіп отырған «Нұрлы көш» бағдарламасы оралмандарды қоныстандыру мәселесін назардан тыс қалдырмайды деп сенейік.

P.S: «Бір қозы артық туса, бір түп жусаны артық шығады» деген қазақ халқы әр дүниеге келген баланың өз несібесі бар деп санаған қай заманда да. Сарапшылардың сөзіне сенсек, қазақ халқы жас ұлтқа жатады екен. Халықтың өсімі де тікелей жаңа лекпен тығыз байланысты. Оның ішінде жас отбасылардың үлесі басымдық танытуда. Осы ретте, тағы бір түйіткілді мәселенің шеті шығады. Қазақстандағы жас отбасыларға мемлекет тарапынан жағдай жасалмаса да, белгілі бір деңгейде көмек көрсету, я болмаса жеңілдіктер қарастыру жағын назардан тыс қалдырмау керек. Бұл тақырып мінбеден сөз болғанда тиісті шенділер шешендік танытып, іске келгенде мешел бола қалу әдетке айналып барады. Ал жағдайға келгенде есі алтау, түсі төртеу болған жастардың басым бөлігі тұрмыстың қыспағынан шыға алмай әлек. Оның арты, 30-ға келіп отырған қыздар мен 40-қа келіп, сүрбойдақ атанған жігіттердің санын арттырса, айлығы шайлығына жетпеген жас отбасылардың ажырасуына да әкеп соғуда. Жастары жарымай жүрген мемлекеттің өсуі де қарқын бере қоймасы анық... Келешектен болашаққа дейін бағдар болатын байламды бәтуәның басы – жастардың өсуі, халықтың көбейюі.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Қатысты Мақалалар