Астаналық тұрғын Аслан Оспанов Қазақстан Республикасы президентінің резиденциясы Ақорданың макетін жасап шықты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл күнде Ақорданың макетін жасағандар аз емес, алайда бұл жолғы макеттің ерекшелігі - Ақорда өзгеше стильмен - 60 мыңнан астам жылтыраған әшекей тастармен жасалған. Макетке қарап күндізгі және түнгі Астананың көрінісін көре аламыз, әрі ішінен еліміздің гимні де шырқалып тұрады.
Ақорданы жасауға Асланның 1 жылдан астам уақыты кеткен. Бұдан бұрын жарнама агенттігінде жұмыс істеген жас сәулетші соңғы бес айын тек Ақорданың макетін жасауға арнайды. Сол үшін жұмысынан да шығып кеткен. Есесіне Асланның жары мен ата-анасы оған қаржылай да, психологиялық жағынан да қолдау білдіріп, көмек көрсетеді. Мектепті де, университет қабырғасын да Астана қаласында тәмамдаған Асланның мамандығы – сәулетші.
Астана Қазақстанның астанасы болғалы бас қаладағы құрылыс барысы Асланның көз алдында өткен. Қалаға ерекше әсемдік беретін көздің жауын алатын зәулім ғимараттар Асланның сәулетші боламын деген арманының тууына себеп болады.

Ол үшін жас Астанада бой көтерген аспанмен астасқан ғимараттардың бәрі әдемі болды. Алайда көңіліне ерекше ұнағаны, дизайнына аса қызыққан бір ғимарат – Ақорда резиденциясы. Жастайынан Ақорданың ерекше стильдегі, ерекше дизайндағы макетін жасасам деген арманы Асланның көкейінде қалып қойды.
Сөйтіп бір жыл бұрын арманына қол жеткізудегі алғашқы қадамын бастап та кетті. Ақорданың макетін жасау үшін Алматыдан 60 мыңнан астам әшекей тастар сатып алған.
Ұсақ тастармен үлкен макет жасап шығару үшін үлкен төзімділіктің керегі белгілі. 1 жыл бойы көз майын тамызып, бар жұмысын ысырып қойып жасаған еңбегінің сәтті шыққанын байқауға болады.

Асланның алдағы мақсаты – Елбасымен кездесіп, Ақорданың макетін президентке өз қолыммен тапсырсам дейді.
Бүгін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні. Сондай-ақ Аслан Оспанның да туған күні. Туған күнде әр адам өмірінде орын алар бір ғажайыпқа сенеді. Аслан да сондай бір ғажайып орнап, Елбасының қабылдауына іліксем деген ниетін жасырмады.
Асланның жары, қолдаушысы Нұртілек Риянбек ерінің еңбегін жоғары бағалады:
«Екінің бірінің қолынан келмейді, төзімі де жетпейді. Ұйықтамай күні-түні еңбектенді. Еңбектенуге тұратын дүние деп ойлаймын. Ең басты тілегім – Елбасына тапсырсам деген арманы орындалса екен. Асланның еңбегі мен төзімділігімен мен де, ата-анасы да мақтанамыз», - деді Нұртілек ханым.

Нұртілек Риянбектің айтуынша, бүгінгі таңда макетке қызығушылық танытып, сатып алуға ниет білдіргендер де бар.
«Елбасы Асланды қабылдауы да, қабылдамауы да мүмкін. Егер болашақта макет үйде болып, оның еңбегіне сай үлкен қаржы ұсынып, сатып аламын дегендер болса, сатуға қарсы емеспіз», - дейді сәулетшінің жары.
Ал Асланның алдағы уақыттағы жоспары – үлкен жобаларды қолға алып, тапсырыстар қабылдау, макеттер жасау.