Қазіргі кино өндірісіне қатысы бар мамандар, көбінесе қалада туып-өскен, бүкіл қазақы іргетасы қалада қаланған «киношылар» (режиссерлер, актерлер, т.б) қазаққа махаббатын көрсеткісі-ақ келеді, бірақ айналып келгенде, онысы қазаққа, қазақылыққа жасалған пародия іспетті болып шығып жатады.
«Сәбина келін» комедиясы да қазақ үшін жақсы оймен жасалған фильм деп қарауға болады. Бірақ ой жақсы, орындалуы нашар. Неге? Өйткені режиссер Нұртас Адамбаев қазақты аз біледі. Ауыл қазағын – тіпті аз. Ауырлау айтып тұрған болармыз, бірақ Нұртастың бұған дейін қазақ ауылын қатыстырып түсірген дүниелерінен де осыны байқағанбыз. «Ауылдан қашу» ситкомы да ауылды көтеру емес, мансұқтау үлгісіндей көрінген. «Сәбина келін» де содан алыс емес. Иә, қала және дала қазағы деп бөлудің реті жоқ, бәріміздің түбіміз бір. Алайда, қалалық болғалы екі-үш, тіпті төрт ұрпақ ауысып кеткен қазақтың қазіргі табиғаты мүлде бөлек екенін мойындауымыз керек. Нұртас бастаған қалалық жігіттердің әуелі КТК арнасында, сосын басқа да телеэфирлерде көрерменге қызықты, күлкі шақыратын хабарлар жасаймыз деп өз халқын төмен қаратқан тұстары аз емес-ті. «Наша Kz-ашасын» былай қойғанда, «шалаказахский сөздікте» жиі жел жіберіп қойғышты «этот рак» деп «супераударма» жасағанының өзі не тұрады!
Соңғы жылдары шыққан «Абайлаңыз, сиыр!..», «Сәбина келін» комедияларын қазақтың кино өндірісі тарихында қалатын дүниелер демеспіз. Олар – осы уақыттың, дүбәраланып тұрған ұрпақтың көретін фильмі. Қазіргіше айтқанда, кассалық. «Сәбина» қазақстандық прокаттан 98 миллион теңгеден астам қаржы жинапты. Демек, осы фильмге ақша төлеп, арнайы барып көретін кем дегенде 50-60 мың адам бар деген сөз. «Абайлаңыз, сиыр!..» да, «Сәбина келін» де ауылдағы қазақты ең жабайы, ең аңқау, ең артта қалған, ең бастысы, ең иілгіш халық ретінде ғана көрсетті.
«Сәбина келіннің» жетістіктері қандай?
1. Фильм астарында қазақылыққа қайта оралудың қазір ең дұрыс жол екенін астарлап көрсету тәсілі бар. Ауылға өз еркінен тыс барған қалалық ерке қыз өз негізіне, тамырына үңіліп көруге мүмкіндік алады.
2. Фильмнің діңі, негізгі арқауы соңында бір ғана кадрмен беріледі: Жәнібек қызып отырып, өзіне Сәбинаның әкесі тапсырыс бергенін, қызын тура жолға түсіру үшін «келісімшарт» жасасқанын айтып қалады. Меніңше, «Сәбина келінді» біз үшін, қазақы көрермен үшін «ұстап тұрған» осы нәрсе ғана сияқты.
3. Сәбина Қарсыбаева ауылдан қашып бара жатып, өз тарихын аялдамада кездескен адамдардың бәріне әңгімелейді. Көрермен оны да фильм соңында бір-ақ сезеді. Демек, фильмнің техникалық жоспары жаман емес.
Ал жіберіп алған кемшіліктері, біз сөз басында айтқан «қазақылықты білмеу» көріністері ше?
1. «Бас құда», келінше айтқанда, «паскуданың» (жексұрынның, сұмпайының) келетін тұсы. Режиссер (басты рөлдегі Н.Адамбаев) бас құда қыздың өз әкесі болуы керек екенін мүлде білмейді. Құдалар дегені – ауылдың ба, әлде аймақтың ба, әйтеуір бір құдіреттері. Келе жатқан түрлері өте күлкілі. Бастарына алшайтып «хан-тақия» киген, шапандарының етегін жел желпиді, көздерінде – қара көзілдірік. Өз басым қырық жылға жуық өмір сүріп, дәл осындай салтанатпен келген бас құданы да, «паскуданы» да көрмеппін.
2. Жас жұбайлардың есек арбамен қыдырысқа шығуы – юмор ма, әлде келеке ме? Бұл тұста юмор болуы мүмкін емес. Ауылдағы жас жұбайлардың той алдындағы серуені бүгінде үлкен дәстүрге айналған. Режиссер одан мүлде хабарсыз.
3. Келіннің ауылды сүюге итермелейтін көріністері мүлде сенімсіз. Өйткені, а) келін боп түскен үй – бір қасиетсіз шаңырақ сияқты: атасы – қарттық ұлағаттан жұрдай жан, енесі – езуін өтірік қисайтып алған сүйкімсіз, мінезі де қырсыз адам, ең бастысы, ене ретінде келініне ештеңе үйретпейді, күйеу – жүрген бір бозөкпе; ә) келіннің ауылды жақсы көру емес, жек көру көріністері тым көп және олардың бәрі қисынсыз: әжетханаға противогаз киіп кіру, сойғалы жатқан малды артынан аяп жүгіру, помидормен атқыласу, ауылда хайуанаттар бағын ашу, қайныны сыйламау, керісінше, оған қожа болып, айтқанына жүргізуге тырысу; б) дәстүрден мүлде хабары жоқ келін ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ, бәрін өзінше топшылай береді: лжеқұдалар келетін эпизод, аюдай қайнысы «піштірілген» (келіннің өз сөзімен) кез, үйге екінші келін түскендегі эпизодтар бастан-аяқ, күйеуін орынды-орынсыз жұмсау, үйленген жігіттің анасына жас баладай еркелей беретіні, атасы мен енесінің аузына қасиетсіз сөздер салу («незнакомый летающий объект, у-шешең!», «Сексенбаевтар келіндерін бір жеріне тығып алсын»).
4. Келіннің қалалық машығын тыя алмай жүрген көріністері де қолдан жасалған, «саусақтан сорып алынған»: а) ауылда түрлі сауық орындарын ұйымдастыру әрекеттері, тақтадан әлеуметтік желі жасау, келіндер сынын ұйымдастыру (таза қазақы ауылда келіндер сыны жайлы тақта орысша жазылып тұр); ә) келіннің аузынан ағылшынша ең өрескел балағат фильмде бастан-аяқ айтылады (ара-арасында атасы мен енесі де айтып қалады), в) ауылдың өзіндей келінде-рін күйеулеріне сүйікті ете түсу үшін істелген етек қысқарту, өзгеге қылмыңдау кеңестері тіпті қисынсыз;
б) «реабилитационный центр для келинок» – бүкіл ауылдың келіндері Сәбинаны тыңдайды, сол не айтса да істейді – ақылға сыйымсыз.
Дәл осылай әр эпизодты, әр кадрды талдап, қатесін таба беруге болады. Мұның бәрі – режиссердің қазақты танып-білмегендігінен.
Әрине, біткен іске сыншы көп. Бірақ Нұртас осы фильмге кіріспес бұрын білетін адамдармен кеңесіп, осы өнімді көретін орыстілді аудитория-дан бөлек, таза қазақы жандар бар екенін, олардың Қазақстан халқының тең жартысынан астамы екенін ойлауы қажет еді. Ең іске алғысыз деген дүниенің өзі қазіргі қазақтың жаны үшін күрес жүріп жатқан заманда халыққа бір дәнек беруге тиіс. Ол дәнек «Сәбина келінде» бар – қазаққа оралу идеясы бар. Алайда, кейіпкердің әр нанымсыз, қазақылықты белінен басқан қимылдары осы еңбекті белінен сызып, балшыққа тастай салатындай.
Бас кейіпкер – келіншекті еркек адамның ойнауы туралы әңгіме басқа. Бұл – қазіргі заманның "дәстүрі". Ер-кек – әйел бола алмай, әйел еркек бола алмай жүрген жартыкеш дәуірдің мінезі.
Алматыдағы атышулы Құрманғазы-Пушкин «сүйісі» дауында Адамбаев өз халқы, оның қайраткер ұлдары туралы табанды пікір айтқан-ды. Сонысымен де ішкі діңінің ұлттан ажырамағанын көрсеткен. Бірақ «Сәбина келін» оның ойы жақсы, орындауы оншалық емес екендігін байқатады.
Есей Жеңісұлы "Айқын" газеті