«Таншолпан» - «Qazaqstan» Ұлттық арнасының ең ұзақ мерзімді жобасы және қазақ телевизиясы тарихындағы алғашқы таңертеңгілік бағдарлама. Бірегей телеөнімнің негізін қалаушы Қазақстанның халық жазушысы - Шерхан Мұртаза 1992 жылы 14 желтоқсан күні алғаш рет бұл туындыны эфирге шығарды. Жүргізуші тізгінін телевизия саласының шеберлері Иманбай Жұбай мен Лаура Жүсіпжанова ұстады. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің қатардағы тұрғыны үшін дәл сол қарапайым дүйсенбінің арайлы таңы естен кетпегені сөзсіз. Көрермендер назарына «Арай», «Жаңа күн», «Таңсәрі», «Оян, қазақ», «Көңілашар», «Қайырлы таң, Қазақстан!», «Ассалаумағалейкум, ағайын!» атауларымен де танымал болған, ал 2010 жылы жоба қайтадан «Таңшолпан» деген алғашқы атауына ие болды.
Әр жылдары авторлық құрам өзгергенімен, Шерхан Мұртазаның межелеген белестері тек шарықтай түсті. Қазақстандықтардың таңы түрлі-түсті бояуларға толып, бағдарламаның рейтингі күннен-күнге артып келеді. 25 жыл бойы «Таңшолпан» сүйікті көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді.
Әсерлі әңгіме, әуезді ән, қызықты дерек, танымдық сюжет, әлемдік ақпарат, жағымды жаңалық – мұның бәрі «Таңшолпанда».Ақпараттық-сазды бағдарлама тікелей эфирде дүйсенбі-жұма күндері сағат 7.00-ден 10.00-ға дейін және жексенбі күні 8.15-тен 11.15-те сан алуан тақырыпты қамтып, ұланғайыр қазақ даласының түкпір-түкпіріне ән мен жырдан шашу шашады. Алғашқы эфирлер тізгінін Ляззат Танысбай, Гүлмира Дайрабаева, Хадиша Жәмекова, Лаура Жүсіпжанова, Архат Садықов, Ругина Лоджу, Жасқылық Шүйтенов басқарған. Қазіргі кезде тікелей эфирде өз ісінің шеберлері Жансерік Берікқазыұлы, Ирина Тен, Назерке Нұртас, Данияр Есен, Гүлнұр Оразымбетова және Баян Бақкелді үш сағат бойы көрермендер үшін жұмыс істейді.
«Таңшолпан» тележобасы жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Мәселен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды қуанышқа бөлеу мақсатында «Мейірім» рубрикасы жарыққа шығады. Еліміздегі және шет мемлекеттердегі өзге ұлт өкілдерінің дәстүрін дәріптейтін «Өзге ұлт», үй дизайны мен баспананы сәндеуге кеңес берер «Interior», қаржы және заң салалары жайлы таптырмас жоба «Кеңес», өткен жылдарға шолу жасайтын «Retro» және басқа да қызықты рубрикалармен көрермен көңілінен шығып келеді.
Бүгін «Таңшолпан» жобасының жиырма бес жылдығына орай, аға буыннан Иманбай Жұбай мен Ләззат Танысбай және Жансерік Берікқазыұлы мен Ирина Тен бірлесіп тікелей эфирге шықты.