Әдебиеттің киесін кетіру–рухани жаңғыру емес

/uploads/thumbnail/20170924170005620_small.jpg

Кейінгі кезде үлкен бір игілікті мақсат-мүддемен ұсынылған «Рухани жаңғыру» бастамасын кейбір қаламгерлер  өзін көрсету, атақ-даңқ жинаудың құралы ретінде пайдаланып жүр ме деген қаупіміз де жоқ емес.

Өйткені, рухани жаңғыру дегеніміз әдебиетімізді де жаңғырту. Ал, әдебиетімізді жаңғыртудың бір жолы «Рухани жаңғыру» деген бәйге жариялап топтасып алып бірін-бірі мақтау емес, қайта оның кем-кетігін де айту емес пе?! Екіншіден, рухани жаңғыру дегеніміз жоғарғы жақтағы  інілері іліктіріп қойған тізім арқылы бір-екі ақынның Францияны, Жапонияны, Испанияны аралауы емес. Үшіншіден, рухани жаңғыру дегеніміз ақшаның көзін тауып солардың орташалау не одан да төмен өлеңдерін шетел тілдеріне аудару емес. Ешқандай бір әдеби ұжымның, не комиссияның талдау-талқылауынсыз ақша төлеп испан, корей, ағылшын тілінде шыққан балдыр-батпақ сол өлеңдерді оқыған  шетелдіктер «е-е, қазақ деген қашан көрсең бөксесі жер иіскемей көшіп жүретін мәдениеттен кенже қалған халық дейтін еді, өлеңдерінің түрі мынау болса сол рас екен ғой» дейтініне күмән жоқ. Жақында осы күнгі көп лауреат ақынның  бірі  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шетелге барып қазақ әдебиеті туралы сөйлеген сөзін оқыдым. Біріншіден, ол қанша жерден лауреат болса да кешелі-бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі хақында шетелге барып толғау сөз сөйлейтіндей үлкен талант, не білікті әдебиет сыншысы, не әдебиет тарихшысы емес. Екіншіден, Президент аппаратындағы осы іспен айналысатын басқарма қызметкерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шетелге іссапарға жіберерде еліміздегі ең бір дарынды  ақын-жазушыларды өте мұқият сүзгіден, іріктеуден өткізуі керек-тұғын. Жасыратын несі бар, бұл жерде де әлгіндей «ағалы-інілік», тума-туыстық басым боп кетті ме деп қорқамыз. Ал әлгі лауреат бауырымыз шетелге барғанда бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ретінде атағандардың ішінде кімдер жүр дейсіз ғой? Олар: Дидар Амантай, Ақберен Елгезек, Жүкел Хамай, Қасымхан Бегман, Серік Ақсұңқарұлы. Құдайдан үмітіңіз болса, айтыңызшы Дидар Амантайдың кітаптарында қазақ тілінің шұбарлануы оның қазақша сөз саптай білмейтіні, көркемдік шеберліктен жұрдайлығы, ой-өрістің деңгейі төмендігі  туралы талай айтылып та, жазылып та жүрген жоқ па? Ақберен Елгезек дегеннің өлеңдеріндегі адам ұялатын оғаштықтар туралы баспасөзде өзіміз талай рет айтқанбыз. Оны қайталап жатпай-ақ қоялық. Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерінің кемшілігі мен орашолақтығы туралы белгілі ақын Аманхан Әлім баспасөзде де, интернет сайтта да, Жазушылар Одағының жиынында да талай рет көзге шұқып тұрып айтты. Ендеше Еуропаға рухани жаңғырып қайтуға барып сол Аманхан талай мәрте бұлтартпас дәлел-дәйекпен сын айтқан Серік Ақсұңқарұлын, өлеңдерінің ойлары қисынсыз, оқырманын сендірмейтін жалған ойшылдық екені талай рет сынаған Ерлан Жүністі, жаңағы Дидар Амантай мен Ақберен Елгезекті, Жүкел Хамайды еуропалықтарға бүгінгі  қазақ әдебиетін қалыптастырушылар және дамытушылар деп таныстыру әдебиетімізге жасалып отырған қиянат, ұлтымызды ұятқа қалдырарлық іс емес дей аласыз ба? Егер  рухани жаңғыртатын қуатты қарудың бірі әдебиетіміздің лауреат–өкілі атанған азаматтың талғам, талабының деңгейі осындай болса шынымен рухани жаңғыра аламыз ба?

         Ешбір шапағат та, кесапат та, жақсы да, жаман да себепсіз өз-өзінен бола қалмайды. Бүгінгі әдебиетіміздің бұлайша құлдырауына біріншіден қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жасы 80-нің сеңгіріне жақындап, 90-ды тобықтан қаққалы жүрген ақсақалдарымыздың жастарға әділ, ақсақалдық үлгісөз айтпауы,  жұмсақ мінезді шал атануды ғана ойлайтыны себеп болып отыр. Бұл ақсақалдар онысымен қоймай, «тұғырдан тұлпар, сауысқаннан сұңқар» жасап, жоқ талантты бар деп небір орашолақ, ой-өрнегі жоқ, әйтеуір қолына қалам ұстаған талайларға Мемлекеттік сыйлық лауреаты, «Алаш» сыйлығының лауреаты атағын алуға жәрдемдесіп, онсыз да атаққұмар, қулығына құрық бойламайтындарды әдебиетіміздің төріне шығарып қойды.

         Өз басым бұл жерде прозайктерді емес, поэзияны күнкөріс пен атақ-даңқ шығарудың құралына айналдырғандарды айтып отырмын. Көпке топырақ шашпайық, бірақ бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  атанып жүрген ақындардың бірлі-жарымынан басқасының бәрі дерлік бұл атақты алуан түрлі қулық, жағымпаздық жолмен алғанын қалың қазақ біледі. Бұл лауреаттардың ішінде кім жоқ дейсіз: әуелі 6-7 мәрте лауреаттыққа түсіп ақыры ала-алмағасын «мен рак ауруымен ауырамын, дәрігерлер бірнеше ай ғана өмірің қалды деді» деп те, 4-мәрте түсіп ала-алмағасын «өлгеннен кейін біз де лауреат атанармыз» деп жылап-еңіреп мақала жазған да, жұрт әулиелерге түнейді, онан да мына кісінің басып кеткен ізіне түнеңдер» деп атақты бір ағамызды мақтап өлең жазып алған да, т.б. жүр. Солардың бір-екеуі жақында шетелге барып академик атанып келді. Сонысын интернетте айтып мақтанды. Мейлі, қай қисықты түзейсің, алаяқтар мен жағымпаздар, қушыкештер мен жылпостардың заманы болып тұр ғой бүгінде деді жақында бір досым. Міне, қазақты, осы бір «неғыласың», «қайтесің» кері кетіретінін талай-талай ғұлама шайырлар айтқан. Қазір әлгі Мемсыйлық лауреаты, «Алаш» лауреаты атанып алған ақындар өздерінің бұл атақты алу жолындағы әлгіндей «әдістемелері» мен «өмірлік тәжірибелерін» өздерінің шашбауын көтеріп жүрген, бүгінгі алакүлік  заманның қулық-сұмдығын әбден игеріп алған кейбір жылмақай  жастарға үйрететін сияқты. Иә, қазір әсіресе қолына қалам ұстап, жұртқа танымал болуды ғана алдына мақсат етіп қойған, шалақұмар өлеңшілер көп. Замана-түлкіні тазы боп қуу жолына түсіп ап жортып жүрген қулар әлгі 60-ты алқымдап, 70-ке жетіп қалған лауреат ағаларын жағалайды. Мадақ мақаласымақтар жазып, бір-бірімен интервью ұйымдастырады да сол ағаларын еш дәлел-дәйексіз мақтай жөнеледі. Олар Мемсыйлық лауреаты атағын алып ана жерде де мына жерде де дүркіретіп кездесулер өткізіп жүрген ағатайына арнап «Ұстаз» деп «Ұлаға» деп, енді бірі «Маэстро» деп газетке атын атап тұрып өлең жазғанын да көрдік. Сондай ақын сымақтың біреуі қазір Ақордада әжептәуір қызметте жүр. Өздерін сөйтіп өтірік көкке көтеріп жатқан соң лауреат ағалар да  бүгінгі жастар поэзиясының кем-кетігі туралы ағалық сөз айтудың орнына алаған қолым береген деп соларды мақтап қояды. Жақында бір лауреат ағасы осындай бір інісін «100 жаңа тұлғаның» бірі деп ұсынғанымен тұрмай, «Рухани жаңғыру» бәйгесінің комиссия мүшесі қып қойды. Бұл лауреат ақындардың бірде-бірі бүгінгі жастар поэзиясындағы көзге шыққан сүйелдей болып көрініп тұрған кемшіліктер, көркемдіктің, шеберліктің жоқтығы, оларда жалған уайым, жалған ойшылдық басым екені, онысы адамды сендірмейтіні, тіпті, тіл білмейтіндігі туралы жұмған аузын ашпайды. Өйтудің орнына сондайлардың  бір-екеуін «сарт мәзіретін жасап» дегендей мақтап қояды. Ау, мұның не десең, бұл –жастарға қамқорлық дейді. Қазір не көп мүшәйра, бәйге, фестиваль, пәленшекемнің атындағы сыйлық сияқты іс-шаралар көп. Әлгі лауреат ағалар  ақты-ақ, қараны-қара деп әділ сөздің ақ туын көтеріп отырудың орнына сондайларды мүшәйра, бәйге, фестивальдардың лауреаты, жүлдегері, жеңімпазы атандырып асығын алшысынан түсіріп отырады. Ол аз болса «Сендер әдебиеттің алтын көпірісіңдер» деп одан сайын есіртіп қояды. Олар  бүгінгі әдебиетіміздің мына күйімен кете берсе бұратола құрдымға кететінін білмей жүрген жоқ. Біледі. Бірақ оларға бәрібір. Алар лауреат атағын алып алды. Өздері жазған шатпақтарын шет елдер тілінде шығаратын ақшаны біреулер тауып беріп жатыр. Сол шет елдіктер олардың шатпақтарын оқып қазақ поэзиясын мазақ қып күліп жатыр ма онымен шаруасы жоқ. Мына жақта Мемсыйлық, Алаш сыйлығының лауреаты едім, ақын едім деп аудан, облыс әкімдеріне, ақшалыларға шаруасын бітіртіп алады, жер-жерде кездесулер өткізеді. Қысқасы, өз есебі түгел. Сосын біреуге сын айтып жеккөрінішті көрініп басының іскені не? Міне, кейбіреулер қазір осылайша «рухани жаңғырып» жүр. Ал әдебиетіміздің хал-жағдайы әлгіндей.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Мәдениет қайраткері

Қатысты Мақалалар