2017 жылы Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 985 пәтерден тұратын 7 үй салынған деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Солардың ішінде аталған мемлекеттік бағдарламаның «Жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша кредиттік тұрғын үй» бағыты бойынша 481 пәтерлік 4 үй, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша 504 пәтерлік 3 үй бой көтерді.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалы жылдық жұмыс қорытындысы турасында БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында филиал директоры Айгүл Наурызәлиева толық айтып өтті. Одан бөлек брифингке қатысқан БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Айгүл Наурызәлиеваның айтуынша, биылғы жылы облыста 55 000-ға жуық адам мемлекеттің сыйақысын алады. Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен салым ашқан аймақ тұрғындарының саны. Олардың 18 722-сі келісімшартты 2017 жылы ресімдеген.
2017 жылы Батыс Қазақстан облысында 2505 адам 12,5 млрд. теңгенің займын алып, тұрғын үй жағдайын жақсартыпты.
Келесі жылы банк «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. «Құрылысты жеке құрылыс жүргізушілер арқылы ынталандыру» бағытының аясында 2018 жылы облыстың 173 тұрғыны қоныс тойын тойламақ. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Қаз-Хол» ЖШС және «Караванный путь» ЖШС арасында қол қойылған келісімдерге сәйкес, Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 198 мекенжайында 9 қабатты тұрғын үйдің және Гагарин көшесі, 2 мекенжайы бойынша 126 пәтерлік үйдің құрылысы жүруде. Үйлер 2018 жылдың тамызында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағытында Тоқпай, Федоровка, Переметное және Дариян елді мекендерінде жер үйлер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Аталған жобалар бойынша бөлмелердің орналасу реті және нысандардың бірыңғай сәулеттік стильде болатыны анықталды. Мұндағы үйлердің бір шаршы метрінің бағасы 120 000 теңгеден аспайтын болады (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды есептемегенде).
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке өнімі - «Өз үйім» бағдарламасы да аймақта сәтті жүріп жатыр. Аталған жобаның аясында 2018 жылы БҚО ІІД қызметкерлері баспаналы болады. Сонымен қатар, Оралдың Солтүстік-Шығыс бөлігінде «Батыс Қазақстан электр тарату желісі компаниясы» АҚ мен «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлері үшін 9 қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл ұйымдарда істейтін қызметкерлердің жалпы саны 800-ден асады.
Әлібек Антазиевтің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Күні бүгін облыста 18 көппәтерлі және 188 бір қабатты тұрғын үйлер салынуда. Бұл мақсатқа қаржыландырудың барлық көздерінен 15 млрд. теңге бөлінген. Жыл аяғына дейін 10 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда (9 үй Орал қаласында, 1 үй Ақсай қаласында). Сондай-ақ ауылдық жерде 113 бір қабатты үйлер иелеріне тапсырылады.
- «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу жоспары 278,1 мың шарты метр. Алайда, біз қазірдің өзінде бұл салада үлкен алға басушылықты көріп отырмыз. Біз жоспарлы межені 36%-ға асыра орындадық, яғни 300 мың шаршы метрден аса үй салынды. Алдағы 2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына арналған 14 үйдің құрылысы басталады, - деп атап өтті Ә.Антазиев.
Пікір қалдыру