«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» - кино емес телехикая екендігін ұмытпау керек»

/uploads/thumbnail/20171230232817890_small.jpg

Ұлттық арна басшысы Ерлан Қарин әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" телехикаясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Ерлан Қарин өз пікірін Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.

"Кешелі бері «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясы жайлы пікірлеріңізді көріп, естіп жатырмыз. Ұнатып жатқандар да, ұнатпай жатқандар да бар. Дегенмен, өзіміздің отандық телеөнімнің шығып, осындай резонанс тудыртып, телехикаяға деген үлкен қызығушылық танытып жатқандығы қуантады. Себебі, қаншама жылдар бойы отандық телеарналарда шетелдік телехикаялардың саны басым болып келді. Енді, міне көрермендерге өз өнімдерімізбен шығып жатырмыз. 2009 жылдан бері біздің корпорация 80-ге жуық отандық телехикаяны көрермен назарына ұсыныпты. Біз бұл жұмысты әлі де жалғастырудамыз. Биылғы жылдың өзінде мелодрама, драма, тарихи немесе экшн жанрларындағы телехикаяларды түсіруді қолға алдық. Қазіргі мақсатымыз көрерменге әр түрлі жанрдағы контент ұсыну. 
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясына келсек, әрине кемшіліктер бар, белгілі бір сәйкессіздіктерді де жоққа шығармаймыз. Бірақ та, сонымен қатар, бұл кино емес телехикая екенін де ұмытпағандарыңыз жөн. Және де бұл өте шағын телеxикая. Сондай-ақ, шын мәнісінде телевидениеде немесе кино саласында болсын толықтай бір сәйкестік болу керек деген қатып қалған талап жоқ. Тіпті, әлемдік деңгейдегі әдеби шығармаларды да экранизациялағанда неше түрлі пікірталастар орын алып жатады. Дегенмен осындай тарихи туындылар керек. Ал орын алған түрлі қателіктерді алдын алу үшін біз аутсорсинг компаниялармен жұмыс жасау тәртібін өзгертетін боламыз, оны жақында келісіп қойғанбыз, сосын телехикаяларды қабылдау бойынша көркемдік кеңестің жұмысын да қолға алмақпыз. Біз сіздердің барлық пікірлеріңізді ескерудеміз. Болашақта да көрермендер мен мамандардың талаптарына сай өнім дайындауға ұмтылатын боламыз.
Ал, бізге келіп түсіп жатқан өлшемдерге сәйкес, бұл телехикая жастар арасында үлкен қызығушылық тудыртты және көрсетілім деңгейі өте жоғары көрсеткіштерге ие болды. 
Ең бастысы, алдағы уақытта одан да қызықты және сапасы жоғары туындылар күтіп тұрғанын айта кетейін. Атап айтқанда, қазақ зиялыларының Азаттық үшін күресі мен өмірін бейнелейтін 14 бөлімді «Тарзаман» телехикаясының түсірілімі аяқталды. Оны алдағы жылдың басында Сіздерге ұсынатын боламыз. Ұлттық арнаның телеөнімдерін қарап, үлкен қызығушылық білдіріп отырғандарыңызға рахмет!" - деп жазады Ерлан Қарин.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар