Қуандық Бишімбаевқа жаңа айып тағылды

/uploads/thumbnail/20180122170332835_small.jpg

Еліміздің бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты сотта прокурорлар жаңа айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Бұл қылмыстық іс бойынша жедел шаралар 2016 жылдың ақпанынан бастап жүргізілді. Қылмыстық іс 2016 жылдың 9 тамызында тіркелді. Шамамен 7-8 ай бойы тергеу жүргізіліп, нәтижесінде айыптау актісі жасалды. Аталған айыптау актісінде біздің қорғалушымыз (Қуандық Бишімбаев) қашан, қайда, қандай жағдайда, қандай тұлғалардың қатысуымен белгілі бір қылмысты жасағаны жан-жақты баяндалған. Бүгін айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жаңа айыптау жария етілді. Кейбір тұлғалардың баптары өзгерді. Біздің қорғалушымызға қатысты бап сол күйінде қалып отыр. Дегенмен, қатысушылардың құрамы айтарлықтай өзгергендігіне назар аудартқым келеді», - деді сот отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне адвокат Сәлімжан Мусин.

Оның айтуынша, қорғалушының сыбайластарының қатарынан бірқатар тұлға шығарылған.

«Іс жүзінде екі жыл бойы айыптау барысында біздің қорғалушымызды белгілі бір тұлғалардың қатысуымен қандай да бір қылмыстарды жасады деп келді. Сот тергеуі барысында біз мұның шындыққа жанаспайтындығын дәлелдедік. Бір-біріне қарама-қайшы болған барлық дерлік дәлелдерді тексеріп шықтық. Аталған қарама-қайшылықтарды алып тастап, біздің көзқарасымызша қорғалушымызға аталған қылмыстарды жасады деген заңсыз  айып тағылғандығын іс жүзінде дәлелдедік», - деді Мусин. 

Сәлімжан Мусиннің атап өтуінше, жаңа айыптау актісіне байланысты кейбір дәлелдерді зерттеуге қайтару жоспарланып отыр.

«Негізінде солай болатындығына күдіктенбейміз де. Біз соны табанды түрде талап ететін боламыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, сот отырысы барысында прокурор Әлібек Айтжанов Қуандық Бишімбаевты мемлекеттік қызметті орындауға өкілетті тұлға бола отырып, делдалдар арқылы ірі көлемде пара алды деп айыптаған болатын.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда.

Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек шығаратын және өңдейтін зауыт салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Өткен жылдың 12 қаңтарында Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражаттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар