2017 жылы 25 желтоқсанда Алашорданың құрылғанына 100 жыл толуына орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі ел ағаларының басын қосып, «Алаш арыстарының 100 ізбасарын» марапаттаған болатын.
Марапатқа ие болған танымал режиссер, «Аллажардың» авторы Қалдыбай Әбенов мүшкіл халге түскеніне қарамастан кештің қадірлі қонағы болып, алаш жұртына деген ыстық ықыласын білдірді.
–Біріншіден, дұшпанымыздың үрейін қашырып, алаш жұртының басын біріктіріп отырған «Қамшы» порталының ұжымына алғысымды білдіремін. Қамшы деген аттың өзінде қаншама мән жатыр. Осыған лайық болып, болашақта қазақ үшін еңбектене беріңдер, - дей келе Қалдыбай мырза қазақ халқының бойындағы қасиеттерге тоқталып өтті.
–Халық айтса, бекер айтпайды. Мені осы марапатқа лайық деп санаса, алғыстан басқа айтарым жоқ. Қазақ халқының қашан да көзі ашық, жүрегі таза болған. Артына жалтақтамаған. Осы асыл қасиеттердің әсерінен ата-бабамыз аңсаған бүгінгі күнге жеттік. Бүгінде сол қазаққа ынтымақ-бірлік керек. Тату-тәтті болып, бір-бірімізді демеп жүрсек, біз алмайтын қамал жоқ, - деді.
Сонымен қатар, халықтың дауыс беруі нәтижесінде «Алаш ізбасары» төс белгісіне ие болғаны үшін толқып тұрғанын да жасырмады.
Халқына «Аллажарды» сыйлаған Қалдыбай Әбеновтің бүгінде жағдайы мәз емес. Бес жыл бұрын инсульт алып, соның салдарынан жүріп-тұруы қиындаған. Бір ай бұрын Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі режиссердің үйіне барып, көңілін сұрап қайтқан. Сонда Қалдыбай мырза өзін осындай жағдайға түсірген жайттарды есіне алып, бүгінгі қазақ киносының кемшіліктерін жайып салған болатын.
Пікір қалдыру