«31 арна» қазақтың иісі бұрқырап шығатын телеарнаға айналды. Қазір арна контентінің 60-70 пайызы қазақ тілінде. Қолымыздан келгенше қазақ тіліндегі бағдарламалардың саны мен сапасын арттыруға күш салып жатырмыз. Біріншіден, бұл телеарна – біздің көзқарасымыз бен өмірлік ұстанымдарымыздың көрінісі. Екіншіден, коммерциялық арна болғандықтан, тұтынушы үшін күресті тоқтатуға біздің қақымыз жоқ. Жыл сайын Қазақстандағы қазақтардың саны 2-3 пайызға артып келеді. Еліміздегі көрермендердің басым бөлігі – қазақтар. Ал қазаққа ақпаратты қазақша ұсынбағанда қай тілде ұсынамыз? Үшінші себеп – заң. Бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне қойылатын талап еліміздің екі бірдей заңында көрініс тапқан: ҚР «Тіл туралы» заңында және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңында. Мемлекетіміз бір орында тұрған жоқ, экономикалық әлеуеті де, демографиялық қуаты да артып келеді. Мемлекеттік тілдің дамуы да сол қарқынға сай болуы керек. Сондықтан үкімет халықты үркітіп-қорқытпай, қысым жасамай, қазақ тілінің қолданыс аясын сатылы түрде кеңейту бағытын ұстанып отыр. Прогреске қол жеткізудің әдіс-тәсілдері мемлекеттің даму моделіне қайшы келмеуі керек. Біз осы қағиданы басшылыққа ала отырып, қазақ тілінің әлеуетін көтеруге, қазақтілді көрерменнің қатарын арттыруға үлес қосып келеміз. Қазақпен бизнес жасауға болатынын да қолымыздан келгенше дәлелдедік деп ойлаймын.
(Бағдат Қожахметовтің "Түркістан" газетіндегі сұхбатынан)