Шипажайда жатқан бір топ адам түскі астан кейін әңгіме-дүкен құрады. Сонда бір малшы мынандай қызық әңгіме айтқан екен: - Біздің елде бір екі қабат әйел барыс аулағаны бар. Күйеуі бірнеше күндік сапарға шығатын болып, айы мен күні жақындаған аяғы ауыр әйелі мен бес жасар кішкентай қызына серік болсын деп бір інісін шақырып қалдырып кетеді. Кәмелетке толған, денелі жігіт болғанымен әлгі бала сәл алаңғасырлау болса керек. Таң сәріде қорадағы қой дүркіреп үркіп болмаған соң шығып қараса, бір ала шұбар барыс қойларды жарып, серкелерді бақыртып тұрып жайратып жатыр екен дейді. Қонақ жігіт үйдегі калибр мылтық ала салып «оқ, оқ!» деп асықтырады. Әйел жалма жан бір дорба оқты сандықтан алып бере қояды. Жігіт отыра қалып атқанымен, дәл тимеді ме, әлде, жаралады ма әлгі барыс жалт қарайды да үйге қарай секіреді. Абыржыған жігіт үйге қашып кіріп, есікті бекіткенде әлгі дорбадағы оқты далада қалдырып кетіпті. Барыс бір секіріп киіз үйдің төбесіне шығады да, шаңырақтың күлдіреуішінен басын қылтитады. Әйел қолына от көсейтін темірді алады да тұмсықтан бір переді. Барыс ырғып келіп үйдің ортасына топ ете қалады. Кішкентай қызын сүйреп, әйел төсек астына кіріп кетеді. Жігіт қашып шықпақ болып, есікті ашқанда барыс жарық шыққан жаққа тура ұмтылады да талтайып тұрған жігіттің екі бұтының арасына кептеліп қалады. Жігіт дереу оның екі құлағынан бас салып, босағаға екі аяғын тірей қояды. Барыс екі жаққа алма кезек ырылдағанда жігіттің жеңін жыртып, білегін қанатады. -Пышақ әкел! Пышақ сал, мынаған! – деп, оның жан даусы шыға айғайлайды. Сасқалақтаған әйел зорға дегенде күйеунің ірі қара соятын ұзын пышағын табады. Оны барысқа шаншып көрсе, ұшы нашар ма, кірмейді. Жігіттің «тездет, тездет!» деп шырылдаған даусынан есі шыққан әйел барыстың кеуде тұсын дәлдеп тұрып, көзді жұмады да қос қолдап бар күшімен итереді. Ұзын пышақ кірш етіп кіріп, келесі жағынан бірақ шығады. Көзін ашып қараса барыс дір-дір етіп өліп барады екен. Жігіттің екі қолы барыстың екі құлағына жабысып қалғандай алынбаған соң қой қырқатын қайшымен жыртқыштың құлағының түбінен кесіп алады. Барыстың қос құлағын тас қып ұстаған күйі жігіт талып құлайды. Сүйегіне тақап тістелген екі қолынан қан ағып жатыр. Сыртта ешбір көлік жоқ. Әйел кішкентай қызын сүйрелеп ауыл орталығына қарай жүгіреді. Абырой болғанда ауыл орталығы он шақырымдай ғана екен. Бір сағаттан кейін ауыл әкімінің табалдырығын аттаған әйел: - Біздің үйле сұмдық болды! – деуге ғана шамасы жетіп, талып түседі. Ауылдан бір топ адам машинамен асығыс жетсе, қойлары маңайда түк болмағандай жайылып жүр. Ал, үйде ұзын пышық шаншылған барыс өліп жатыр. Қолында барыстың екі құлағын тас қып ұстаған жігіт талып қалыпты дейді. Бұл хикаядан соң жиналғандар шулап: - Әлгі әйелге үкіметтен қандай сыйлық берді? Әй, өзі де батыр келіншек екен-ә?! Сөйтсе, малшы қолды бір сілтеп: - Қайдағы?! Біздің басшылар қатал заңға тым қатты бағынады. «Қызыл кітапқа» енген аңды өлтіргені үшін істі болып, айыппұлмен зорға құтылды ғой, – деп қарап тұр дейді.
Қуандық Шамахай, Facebook парақшасынан