Талдықорғанда Әлішер Қайратұлының жаңа әнінің тұсауы кесілді

/uploads/thumbnail/20180325140030515_small.jpg

Талдықорғаннан шыққан танымал әнші Әлішер Қайратұлы өзінің туған жерінде «Рухани жаңғыру» атты жаңа әнінің тұсауын кесті. Өнер иесінің шығармашылығын қолдауға оқушылар мен студенттер және қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы келді.

Шараға, сонымен қатар, кәсіпкер Қайрат Матаев, қала жастары мен тұрғындар қатысты.

Кездесу барысында Әлішердің әкесі Қайрат сөз алып бейнебаянның түсірілуі мен өз кәсібін сөз етті.

«Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдауындағы маңыздының бірі ол - ауыл шаруашылығы саласы.Осыған орай қазіргі уақытта ауыл шаруашылығының дамуына барлық жағдайлар жасалған. Соның арқасында біз өз кәсібімізді кеңейтіп, дөңгелетіп отырмыз. Ал Әлішердің бейнебаяны Отанымызға рухани азық береді деп ойлаймын», - деді ол өз сөзінде. 

Алматы облысы

Жиналған жұртшылық әншіге құтты болсын айтып, өнер әлемінде шығар шыңдарың көп болсын деп тілектерін ақтарды. Аталмыш шараның шымылдығы әншінің жаңа әнімен түрілді. Қонақтар өнер иесіне қолдау көрсетіп, өздерінің ыстық ықыласын білдірді.

Айталық, қазіргі заманда әншінің кәсіби шеберлігін былай қойғанда, бір ән шығарудың өзі үлкен қаржы мен мол еңбекті талап етеді. Осы орайда, жаңа туындының жарық көруіне кәсіпкер Қайрат Матаев себепкер болған. Әннің тұсаукесер рәсімінде алғашқы сөз демеушілік танытқан азаматқа берілді.

Алматы облысы

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жастар арасында насихаттап, олардың қызығушылығын арттыру мақсатында осы әнді жарыққа шығарып, бейнебаян түсірдік. Еліміздің ұлттық салт-дәстүрін, рухани қазынасын насихаттауға бағытталған осындай шаралар көп болсын. Жастарды рухани мәдениетімізді дамытуға шақырамын», — деді Қайрат Матаев.

Келесі кезекте сөз тізгінін қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев алды. Ол жас өнер иесіне және «Рухани жаңғыру» әнінің шығуына көмек көрсеткен кәсіпкерге ризашылығын білдірді. Жаңа туындының бұдан да үлкен сахналарда шырқалуына тілектес екенін айтып, қолдайтындығын жеткізді.

Ал Әлішер Қайратұлы болса, өз кезегінде «Рухани жаңғыру» атты бейнебаянын жанды дауыста орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

«Біз бүгінде күнделікті тірліктің қамымен жүреміз деп, өзіміздің рухани жан дүниемізді әлсіретіп алған сияқтымыз. Айтпағым, жүрегі елім деп соққан әрбір азамат өзінің отанына, өткен тарихына құрметпен қарауы тиіс. Артынан еріп келе жатқан өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттауы керек деп ойлаймын. Біз жастардың рухын оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында осы әнді жарыққа шығардық. Халық жылы қабылдайды деген үміттемін», — дейді қазақ эстрадасының жас әншісі Әлішер Қайратұлы.

Айта кетейік, жаңа әннің әуенін елімізге танымал сазгер Арман Дүйсенов дайындаса, сөзін белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов жазып шыққан.

Шара соңында қонақтар бейнебаянның мазмұны мен көркемдік жағы үйлесім тауып, көңілден шыққанын атап, алғыстарын білдіріп тарқасты.

Қатысты Мақалалар