Аружан Саин өзінің Facebook парақшасында Абай ауылының 7 жастағы тұрғынына қатысты жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«23 наурызда «Үй» қорының және ұйымдасқан қылмыспен күрес қызметкерлері бала мен оның анасын Абай ауылына шығарып салды. Баланың адвокаты Бауыржан Азанов Астанадан Шымкентке ұшты.
24 наурызда күні бойы тергеу жұмыстары жүргізілді.
25 наурызда тергеу жұмыстары жалғасты.
Баланың анасының өтінішімен сараптамаға шетелдік мамандарды қатыстыру үшін жұмыстар атқарылып жатыр.
Бізге басқа балаларға қатысты көңілге үрей ұялататын ақпарат келді. Осы іске қатысты болуы мүмкін. ҚР Бас прокуратурасына хабарладық.
Объективті тергеу жұмыстары жүргізіледі деп үміттенеміз. Абай ауылында не болғанын анықтайды деп сенеміз», - деп жазды Аружан Саин.
Аружан Саин анасы мен баланың жолақысы, жатын орны, тамағы, сонымен қатар заңгердің жолақысын қайырымды адамдар төлеп жатқанын да айтып өтті. Олар: Анар Рахымбаева, Айдын Рахымбаев, Әсел Тәтішева, Еркін Тәтішев, Дана Алтаева, Алматының мейірімді жандар клубы, «Үй» қоры және т.б.
Аружан Саин жолақы мен шетелдік сарапшыларды тарту жағынан әлі де шығындар болатынын айтады. Көмектескісі келетіндер Жанна Ахметова, Адель Смит және Лейла Принцессовнамен хабарласа алады.
«ӨТЕ МАҢЫЗДЫ! Заңгердің қызметіне ешқандай қаражат жиналмады», - деп жазды Аружан Саин.
Пікір қалдыру