Ресми дерек бойынша Ресейдің Кемерово қаласындағы өртте 64 адам көз жұмды делінеді. Бұл шындыққа жанаса ма? Әлеуметтік желіде құрбан болғандардың санына қатысты әртүрлі әңгіме айтылып жатыр.
27 наурызда мыңдаған адам алаңға шығып, наразылық білдірді. Жергілікті тұрғындар губернатор Аман Төлеевті қызметінен босатып, шындықты жасырмай, құрбандардың нақты санын айтуды талап етті.
«64 адам қаза тапты деген дерек – өтірік! Демалыс күні бір залда отыз адам ғана болды дегенге кім сенеді? Сауда орталығының барлық залдары лық толды, бір залдың өзінде 142 орын бар. Қанша билет сатылды, қанша адам жапа шекті?» - деп шуласты.


Ресейдегі кейбір азаматтық белсенділер қайтыс болғандар саны ресми хабарланғаннан әлдеқайда көп екенін айтады. Әлеуметтік желілерде осыған байланысты неше түрлі фотолар мен видеолар тарап кеткен. Мысалы, Youtube желісінде тараған мына материалда өрттің кесірінен 400-ге жуық адам қайтыс болды делінеді.
Сонда бұл қалай болғаны? Ресей билігі өрттен қаза тапқандардың санын әдейі кемітіп көрсетіп отыр ма?
Евгения Вольнова есімді украиналық пранкер 25 наурызда Кемероводағы мәйітханаға қоңырау шалған. Өзін Төтенше жағдайлар комитетінің адамы ретінде таныстырып, қанша бос орын барын сұраған. Шамамен 70 орын бар екенін білген соң, қаза тапқан адамдар саны 300-ге жуық деп есептеп шығарыпты.
Сонымен қатар украиналық пранкер «Зимняя вишня» сауда орталығында басқа да құйтырқы әрекеттер жасап, оны видеода жариялаған.



РФ президенті Владимирович Путин әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпараттарға сенбеуге және ресми деректерге еш күмән келтірмеуге шақырды.
Алайда жауапты органдарға нанбаған бір топ белсенді мәйітханаға барып, құрбандарды өздері санауға кіріскен. Мәйітхананың қуыс-қуысын тінтіп шыққан олар 64 адамның мүрдесін көріпті.
Еске салайық, 25 наурызда Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында алапат өрт болып, ғимарат отқа оранды. Ресми деректер бойынша 64 адам қаза тапқан, оның көпшілігі – балалар.