Азаматтық алып үлгермеген оралмандардың мәртебесін ұзарту ұсынылды

/uploads/thumbnail/20180329150117049_small.jpg

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова ҚР азаматтығын белгіленген уақытта алып үлгермеген этникалық қазақтардан келіп түсетін өтініштердің көп екенін айтты.

Мәдина Әбілқасымова Сенат депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң» жобасын ұсынды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Заңнамаға енген өзгерістердің бірі – оралман мәртебесін ұзарту. Халықтың көші-қоны туралы қолданыстағы заңға сәйкес оралман статусы оны алғаннан кейін бір жыл өткен соң тоқталылады. Алайда министрдің айтуынша, этникалық оралмандар осы уақыт аралығында ҚР азаматтығын алып үлгермей жатады. Ал уақыты өтіп кеткен соң бұл мүмкіндіктен айырылады.

«Оралман статусынан айырылған этникалық қазақтар көмек сұрап жиі келеді. Сол себепті депутаттар оралман мәртебесін үш айдан аспайтын мерзімге ұзартуды ұсынды», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Министрдің баспасөз-хатшысы Нұрлыбек Жеңісбектің айтуынша, оралман мәртебесін ұзарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды және ол үш айдан артық болмайды. Сонымен қатар ҚР аумағында өмір сүретін этникалық қазақтар оралман мәртебесі біткен соң оны қайта ұзартуға алты ай ішінде өтініш бере алады.

Бұған қоса Еңбек және әлеумет министрлігінде 2018 жылы әр оралманға жеке-жеке өңірлік квота үйлестірілетіні туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда оралмандарға берілетін өңірлік квота қабылдауында 622 отбасы тіркелген, ал қоныс аударушылардан 1706 отбасы тұр.

«Бұл норма тек оралмандарға ғана емес, қоныс аударушыларға да қатысты. Біздің жәрдемақылар отбасылы адамдарға беріледі, алайда отбасы жоқ оралман-қоныс аударушылар да бар. Сондықтан біз бұл норманы қайта қарастырдық. Егер ол адамның отбасы болмаса, мемлекет тарапынан қолдау шараларына жүгінуге мүмкіндігі бар. Ал егер отбасылы болса, отбасының әр мүшесіне жәрдемақы береміз», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Қатысты Мақалалар