Жақында ғана депутаттар алдында баяндама жасаған Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов еліміздің Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттерімен 14 мың шақырымдық шекарасы делимитацияланғанын айтты. Демек, шекарамыз әлемдік карта мен халықаралық келісімдерде заңды түрде бекітілгеніпті. Қазір демаркация жұмыстары тәмамдауға жақын екен.
Шекара мәселесін тездетуге себепші болған Украина мен Ресей арасындағы соғыс болса керек. Бұл туралы Е.Ыдырысов: «Украина дағдарысындағы осал тұстың бірі — Украина мен Ресей арасындағы шекараны бекіту келісімінің болмауы. Сондықтан, біз делимитация жұмысын тездетіп, аяқтауға жақын қалдық. Қазір делимитация келісімінің БҰҰ-да рәсімделуін талап етудеміз. Бұл — қажет жағдайда, төрелік үшін халықаралық ұйымға жүгінуге мүмкіндік береді» деді.
Иә, бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықта ауқымды өзгерістер орын алуда. Тіпті, мемлекеттердің саясаи-географиялқ картасы да өзгеруде. Халықаралық келісімдер мен конвенциялар, БҰҰ Қаралары жай қағаз ретінде қалуда. Оған Ресейдің Қырымды аннекциялап алуы және Украинаның шығысындағы осы елді бөлшектеуге сепаратистік іс-қимылдар дәлел. Ресейдегі кейбір теріс ниетті саясаткерлер империялық пиғылын жасыра алмай, еліміздің солтүстік облыстары туралы арандату мағынасындағы сөздер айтты. Украина мен Ресей арасындағы жағдайды ескере келе, әсіресе Ресей мен арадағы шекараны тез анықтап, заңды түрде бекіту өте қажет екені даусыз. Олай болса қазіргі күні екі ел арасындағы шекара мәселесінің шынайы жайы қалай?
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бірінші кезекте мемлекеттің көрші елдермен шекарасын анықтау мәселесімен айналысты. Себебі, әлемдік қауымдастықта мемлекет болу деген сөз оны алыс-жақын елдердің үкіметі мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы керектігін білдіреді. Бұл жолда республика Сыртқы істер министрлігі ұжымындағы қызметкерлер санының аздығына қарамай, үлкен жұмыс жасады.
Көрші елдермен мемлекеттік шекараны орнатуда үкіметтің тапсырмасымен қазақ дипломаттары Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметімен бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында Қазақстан Республикасы Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерімен мемлекеттік шекараларын белгілеп алды. Ең соңында Ресеймен 2005 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекара туралы шартына қол қойылды. 2006 жылғы 12 қаңтар күні ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті В.Путин екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартты ратификациялау грамоталармен алмасты. Сөйтіп, көп жылға созылған қиын да күрделі келіссөздердің нәтижесінде Ресеймен арадағы шекараға делимитация жасалды. Өкінішке орай, шекара мәселесіндегі келесі қадам – демаркация (шарт бойынша жер үстінде нақты шекаралық белгілерді, бағандарды қою) жасау созылып кетті. 7 жылдың ішінде Қазақстан мен Ресейдің 7 мың 510 шақырым шекарасы нақты жер бетінде толық белгіленбей, шекара бағандарының 40 пайызы ғана орнатылған. Біздің солтүстік көрші елмен әлі 60 пайыз шекарамыз ашық жатыр. Ресей жағы әр түрлі себептерді алға тартып, екі ел шекарасын толық демаркация жасауға құлық танытпай отыр. Ал, Ресей Президенті В. Путин былтыр ресми түрде: «В связи с образованием Евразийского Союза отпадает необходимость обустройства государственных границ между Россиский Федераций и Республика Казахстан» деген. Бұған біздің үкімет келісе алмайды. Себебі, әр мемлекеттің белгіленген мемлекеттік шекарасы болуы керек.
Қазіргі таңда көптеген адамдарда «неге осы күнге дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі шекара мәселесін толық аяқтамай отыр?» деген сұрақ туары заңды. Бұған дипломаттар кінәлі ме? Әу баста олар Үкімет пен Парламенттің алдына көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанда, тез арада шекара туралы келіссөз бастап, жер аумағымызды анықтау мәселесін қойған. Өкінішке орай, 1992-1996 жылдары Парламент Сыртқы істер министрлігіне «шекараны белгілеу ісіне асығыстық жасамаңдар, көрші елмен араздық туып кетуі мүмкін» деген уәж айтты. Сол кездегі депутат Олжас Сүлейменов «бүгінде дос елдердің арасында мемлекеттік шекара бөлінісудің керегі жоқ, Қазақстанның 12 мың 180 шақырым шекара бойы сызығына республиканың барлық азаматтарын бірден қол ұстатып қойсақ та жетіспейміз, сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыру қажет» депті. Шекарада адам қол ұстасып тұрады дегенді қайдан естігенін кім білсін. Олжекең әсер етті ме, сол жылдардағы депутаттардың басым көбі мемлекет қауіпсіздігі негізінің бірі шекара екенін біле алмаған секілді. Сол себепті олар дипломаттардың шекара мәселесін жан-жақты шешуіне мүмкіндік бермеген.
Ешткен кеш жақсы, бұл мәселені дәл бүгінгі күрделі кезеңде жедел қарап, оңтайлы шешуге ұмтылып жатқан Сыртқы істер министрлігінің жұмысына сәттілік тілейміз. Өйтпегенде, территориялық мәселелер бойынша алуан түрлі қитұрқы әрекетке баратын Ресей опық жегізуі әбден мүмкін.
Мұрат Алмасбекұлы