Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы 5 мамырға жоспарланған екінші жекпе-жек өтпейтін болды. Бұл туралы «Golden Boy» промоутерлік компаниясы ұйымдастырған баспасөз жиыны кезінде ресми түрде айтылды, деп хабарлайды vesti.kz.
Мексикалық боксшы жекпе-жекке шығудан бас тартты. «Канело» НВО телеарнасынан, MGM аренасының ұйымдастырушыларынан, демеушілері мен жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Атлетикалық комиссияның шешімін құрметтейтінін де айта кетті.
Ол допингтен ақталып шығып, тамыз немесе қыркүйек айында жекпе-жек өткізгісі келеді. Генамен екінші рет сол кезде жұдырықтасуға ниетті.
Бұл жағдайға «Golden Boy» промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес те өз өкінішін білдірді.
- 5 мамырға жоспарланған екінші кездесуден бас тарттық. 18 сәуір күні комиссия тыңдалымы өтіп, ресми шешім шығады. 5 мамырға дейін жекпе-жекті кең көлемде жарнамалауға уақыт аз, - деді ол.
Айта кетейік, наурыз айының басында мексикалық боксшының допинг сынамасынан кленбутерол табылды. Бұл препарат адамға бұлшықет көлемін өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың салмақ қосуы үшін де пайдаланылады екен.
«Канело» бұл препараттың қанына ет арқылы түскенін айтып ақталды.
Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин 5 мамыр күні жекпе-жек өткізгісі келеді. Ал GGG-мен жұдырықтасқысы келетін боксшы көп. Атап айтқанда, америкалық Джермалл Чарло мен Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландиялық Гэри О Салливан, бразилиялық Ямагучи Фалькао, мексикалық Хильберто Рамирес пен Хулио Сезар Чавес (кішісі) бар.
Еске салайық, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың 17 қыркүйегінде өтіп, тең нәтиже тіркелген болатын.