«Халқым менен де биік». Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туған күні

/uploads/thumbnail/20180412091645290_small.jpg

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Жезқазған кен орнын ашуы, Металлогения ғылыми мектебінің негізін қалаушы, Қазақ ғылым академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш Президенті, қазақтан шыққан тұңғыш академик.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келген. Шын есімі Ғабдулғани. Үлкен ұлы Ғабдул-Ғазизді еркелетіп Бөкеш деген сияқты, Ғабдул-Ғаниын да анасы Әлима «Ғаниым, Ғанышым» деп атаған. Бала облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кеткен.
 Қаныш Сәтбаев
Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанады. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады.

1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады.
 
1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болып, еңбек жолын бастайды. Курс бастығы - Троицк медресесін тәмамдаған Мәннан Тұрғанбаев, оқу ісінің меңгерушісі Павлодарда және Семейде өзімен сыныптас - Жүсіпбек Аймауытов.
 
Атқарған қызметі
 
1920- 941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған.

Қаныш Сәтбаев
 
1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған.

1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған.
 
1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.
 
1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, халқым менен де биік» деп жауап беріпті.

Қаныш Сәтбаев атында

Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институты,
Сәтбаев қаласы
Сәтбаев ғаламшары,
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті
Сәтбаевтың мұздығы
Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы,
«Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі
Сәтбаев көшесі (Алматы)
Сәтбаев көшесі (Астана)

Еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым 1964 жылдың 31 қаңтарында 64 жасында дүние салды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар