Бүгін Астанада әйел құқықтарын қорғау және гендерлік теңдік мәселесіне қатысты конференция өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Шығармашылық әйелдер бастамасы лигасы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен, ҚР Президенті жанындағы әйел істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен «Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты конференция ұйымдастырды. Жиында қоғамдағы әйелдердің рөлі сөз болды. Сонымен қатар қоғамда көп талқыға түсетін гендерлік саясат, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің саясатқа араласуы сынды маңызды мәселелер айтылды.
– Бүгінгі конференцияның мақсаты – әйел құқығын қорғауды ілгерілетуге кедергі келтіретін мәселелерді талқылау және мүмкіндіктерді кеңейту. «Әйелді аяла» атты бір жылға созылатын кампанияға баршамыз қолдау көрсету мақсатында да осы жиынды ұйымдастырып отырмыз, - деді Сорос-Қазақстан қорының өкілі Аида Айдарқұлова.
Оның айтуынша, «Әйелді аяла» – қазақ тілінде жасалған ең алғашқы жалпыреспубликалық кампания екен.
– Өкініштісі, қазір әйелдердің құқығын таптап, түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырататын жағдайлар көп болып жатыр. Бірақ қоғам ретінде осындай жағдайларға қалай тоқтау қоямыз деген мәселелер онша қарастырылмайды. Әйел құқығын шектеу және ондағы кедергілер мәселесін шешу – тек биліктің ғана міндеті емес, ең бірінші қоғамның міндеті, - деді Аида Айдарқұлова.
Конференция жұмысына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззәт Сүлеймен, ҚР Әділет вице-министрі Элвира Әзімова, ҮЕҰ өкілдері, елімізге танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы, Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрағасы Антон Артьемов, құқық қорғаушылар, БАҚ өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
– Елімізде әйелдердің құқығын жүзеге асыруға кедергі болатын қауіп-қатерлер туралы қоғамның басым бөлігін тарта отырып, мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен бейресми, ашық пікірталас алаңдарында, форумдарда барынша кеңінен талқылау керек, - дейді Шығармашылық әйелдер бастамасы лигасының президенті Әсия Хайрулина.
Конференция аясында «Киімді кінәлама», «Ұят» атты көрмелер өткізілді.
Айта кетсек, әйел құқығын қорғау жөніндегі ақпараттық науқан жыл соңына дейін созылады.
Пікір қалдыру