ҚЫЗЫЛ-ЖАСЫЛ ДҮНИЕ-АЙ, ҚЫЗЫҒЫҢА ТОЙМАДЫМ...

/uploads/thumbnail/20170708170121983_small.jpg

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ

БІЗДІҢ АУЫЛ

            І

Ит байласа тұрмайтын

Біздің елдің жеріне.

Аттың басын бұрмайтын

Адам түгіл пері де.

           

Құм  құйылса аспаннан,

Көрінбейтін ақ сордан.     

Әр төбеде тас қорған,

Айнымайтын махшардан.

 

Көше дейтін көше ме!

Ойлы-шұңқыр нобайы.

Тасқа терек  өсе ме,           

«Бесағашы» – тоғайы.

 

Қырық үйі – қаласы,

Дәриясы – арығы.   

Жабылатын баласы –        

Білте шамның жарығы.

                       

Жалғыз сиыр – шәйлығы,

Үйірлі жан қарайды.

Жауыр аты – байлығы,

Қыдырғанға жарайды.

 

ІІ

Біздің ауыл осындай,

Құты бар да, бағы бар.

Жауыңды да досындай,

Сыйлайтыны тағы бар.

 

Тас жауса да төбеден,

Бір үй көшіп көрмепті.

Көнпіс еді недеген,

Өлер жерде өлмепті.

 

Сор татыған суы да,

Бал татитын ішкенде.

Мас боласың буына,

Бағлан еті піскенде.

 

Шәй-суымен қамдайды,

Ағайын-дос, бауырын.

Айырбастай алмайды,

Астанаңа ауылын.

 

Тас шайнап, құм түкірсін,

Осы – бауыр  басқаның.

Жоқ нәрсеге шүкірсің,

Менің ауылдастарым.

 

ЕРТЕГІ

Тақымында тойпаң торы биесі,

Бақаш дейтін бір шал болды – түйеші.

Жар дегенде жалғыз ұлы Тоқтарбек,

Ауылдағы тас диірменнің иесі.

 

Күреңітіп күн қырқадан асатын,

Ит ұлыса байғыз үнін қосатын.

Домбырасын қолына алып Тоқтарбек,

Ғажайып бір мұңлы әуенге басатын.

 

Түсінбейміз зарлы жырдың себебін,

«Диірменшіге ән не керек!» демегін.

Шаңтастардың көмейінен ұн алып,

Қапқа салып жататұғын кебегін.

 

Екі жаққа желп-желп етіп етегі,

Мені көрсе, күлмің қағып кетеді.

– Үй-іштерің аман ба, әй, балақай?

– Аман!.. аман!..

– Аман болса, жетеді...

 

– Жеңгең қалай? – дейтін сосын ыржыңдап,

Ыржыңдауы түсініксіз бір жұмбақ.

– Жеңгем жақсы.

– Жақсы... жақсы... жақсы... – деп,

Жұмысына кірісетін  құнжыңдап.

 

«Қайран Қайша-ай! Шіркін, шіркін, шіркін...» – деп,

Жанарының оты өшетін біртіндеп.

Кебінімен көрден шығып келгендей,

Түрін көріп отырамын күлкім кеп.

 

Мықшың қағып таудан түскен ешкіше,

Ұн арқалап қайтатынбыз кеш түсе.

Қайша жеңгем байыз таппай кететін,

Тоқтарбектің әңгімесін естісе.

 

...Тоқаң да өтті жарқ еткен бір жасындай,

Жеңгем де өтті жас желігі басылмай.

Қайран уақыт бара жатты зымырап,

Шыр айналған тас диірменнің тасындай...

 

Біздің елдің ертегісі осындай.

 

ҮРКЕР  АУЫП БАРАДЫ...

Үркер ауып барады, үркер ауып,

Ақ сағымды жүзіне бүркеп алып.

Қара жолға қарайды қатпа жігіт,

Ақбозының тізгінін ірке қалып.

 

Қыр астында қалғаны қара лашық,

Ай астында қалғаны бала ғашық.

Белден асып барады желдей есіп,

Ақ мұнармен ақбозы араласып.

 

Мұнар дала, мұнар шың, мұнар аспан,

Түн қатады жас жігіт құмары асқан.

Біз де ғашық болғанбыз өз кезінде,

Не өтпеді дейсіздер мына бастан?!

 

Бойжеткен қыз құшақта тұншықпайды,

Бозбаланың көңілін тыншытпайды.

Айлы дала,

Ақбоз ат,

Қыз ауылы –

Осы сурет миымнан бір шықпайды...

 

***

Қандай сұлу Алматының көктемі,

Көлбеп жатыр Көктөбенің көк белі.

Қандай ғажап Алатаудан ескен жел,

Ақ нөсердің шелектеп кеп төккені.

 

Қалай шыдап жүр екенсің бір келмей,

Сағынамыз бұл шаһарды күн көрмей.

Алматыда – алмабақтың ішінде,

Сезінесің  жұмақта жүргендей.

 

Сары күзі сары алтынға көмілген,

Күзім өтіп бара жатыр өмірден.

Алматыны аңсамауың мүмкін бе,

Жүрегіңіз жаралмаса темірден.

 

Міне тағы керемет таң атыпты,

Бізден асқан бар ма сірә, бақытты.

Қорқынышты түс көрдім мен,

Түсімде :

Қара қытай қаптап келе жатыпты!

 

ИТ ӨМІР

(Т.Зәкенұлына)

Сен де келдің, мен де келдім елуге,

Елу деген – жерортаға келу ме?!

Алатынын тез алады сұм тағдыр,

Тым сараңдау болады екен беруге.

 

Арман болған, асық болған меңді қыз,

Сіздерге де, біздерге де келді күз.

Баяғыдай шарап ішу қалды ғой,

Баяғыдай желікпейміз енді біз.

 

Сері де емес, пері де емес, пақырмыз,

Санасы сау саңыраумыз, соқырмыз.

Баяғыда байласа да тұрмаушы ек,

Қуаласа үйден шықпай отырмыз.

 

«Түке» болып, «Ғалеке» боп өтерміз,

Дәм біткенде жетер жерге жетерміз.

Екі иығын жұлып жеген жас едік,

Жынын алған бақсыдан да бетерміз...

Не етерміз?!

 

«САП-САП КӨҢІЛ»

Сіркіреген ақ жауын көтертпеген еңсені,

Қыркүйектің соңында көріп едім мен сені...

Өзің бе екен деп қалдым тағдырымның бөлшегі,

Мына құйттай жүрегім дегеніме көнсе еді!

 

Дегеніме көнбеуі – түн ұйқымды бөлгені,

Ғашық болмай қалғаны – ақын үшін өлгені.

Көз алдымнан көлбедің аққу құстай көлдегі,

Құдіретің бар қандай жынды қылған пендені?

 

Көк аспаннан бір сәуле жарқ  етті де жоғалды,

Күрсінісім көбейді, сабыр-тақат  тоналды.

Бір керемет сурет тұр жасқа малып жамалды,

Енді қайтіп көрем бе әппақ қардай жамалды?!

 

Сені көру қайтадан Тәңірімнің қолында,

Сарқылмайтын сағыныш ойнақтайды қанымда.

«Оралыңның барында ойнасаңшы, сәулем-ау!..»

Садағасы кетсем бе сол қалқаның жолында?!

 

«Сап-сап көңіл, сап көңіл», түсе берме жалынға,

Ойламасын мына жұрт: «Не жеткен деп Ғалымға»...

 

МҰЗТАУДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

ОРАЛМАДЫ

(О.Бөкейге)

Алтайдың тауы да алтын, тасы да алтын,

Кермарал  күрең  белде  қасынатын.

Күрең күн құз басына асылатын,

Бұқтырма Қара Ертіске асығатын,

Қара Ертіс бұрқ-сарқ қайнап басылатын.

 

Қара сөз қара өлеңше өрілмеді,

Жұрты тұр Шыңғыстайдың өріндегі.

Мұзтаудың мұзбалағы оралмады,

Алтайдың кербұғысы көрінбеді.

 

Қайда жүр құлдыраңдап  «Қасқа құлын»,

Жеміне айналды ма аш тағының.

«Жесірлер»  көз жастарын ағызады,

Құшақтап боздақтардың жас қабірін.

 

Шыңғыстай – жер биігі, сайран мекен,

Бұқтырма – саумал ма екен,  айран ба екен?

Бес күндік баяны жоқ дүниеге,

Шекеден қарайтұғын қайран көкем!

 

Сымбаты сымға тартқан бөлек еді,

Жол қалсын Қызжібектің Төлегені.

Жартасқа жалғыз біткен қарағайдай,

Қасқайып тұрғаны да ерек еді.   

 

Шығыстың топырағына құрық көктер,

Осы елде қырық «хан» мен  қырық «бектер».

Ұлылар сүрлеуімен келе жатыр,

Оралхан, Қалихан мен  Ұлықбектер.

 

«Өр Алтай мен қайтейін биігіңді»,

Сұрмерген атып алды киігіңді.

Тағдырдың салғанына шара бар ма,

Шыңғыстай, кім басады күйігіңді?!

 

Күншілдер мұз жалады, тұз жалады,

Отыз қыз одан бетер қызғанады.

Қанша  жыл өтседағы оралмады,

Алтайдың ақиығы – мұзбалағы!

 

АҚТОТЫ

(А.Райымқұловаға)

Ұшады қараторғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып...

Ақан сері.

Ай қонақтап жүзіне арай қонған,

Қанатын Алатауға қарай жайған.

Қардан аппақ дидары, қарағым-ау,

Атыңды «Ақтоты» деп қалай қойған?!

 

Ақтоты – көк  аспанның  еркесі ме,

Күн бе едің көрік берген жер төсіне?!

Әніңнің әлеміне жетелеші,

Бастайын қараөлеңнің өлкесіне.

 

Самсаған бәйтеректің мәуелісі ең,

Мен-дағы ер жігіттің дәмелісі ем.

Сен жайлы жазылатын бір ән болса,

Сол әннің өлеңі – мен, әуені – сен.

 

Әндерің кешке салған таң асады,

Әуезің асқар шыңмен таласады.

Адамға қанат бітсе, саған бітсін,

Құс болу саған ғана жарасады!

 

Ақтоты, қолдамысың, тордамысың,

Бақшада, баудамысың, таудамысың?!

Астына қанатыңның маржан тақтым,

Самғап ұш биіктерге, арда құсым!

 

«ҚҰДАЙ БЕРГЕН БАЛА»

Ұлу жылы жұт болды,

Жауын тамбай өңірге.

Шаңыраққа құт қонды –

Ұлым келді өмірге.

 

Бақыттан бас зеңгіді,

Күн сыйлады анасы.

Ермегіміз ендігі –

«Құдай берген баласы».

 

Мал қырылды сол қыста,

Жем-шөп жетпей отарда.

Болғанымен қол қысқа,

Күнде думан отауда.

 

«Құдай берген баланың»

Қызығына тоймаймыз.

Сыйқын  көріп даланың,

Елдің қамын ойлаймыз.

 

Үйімізде көген жоқ,

Байлығымыз – баламыз.

Малдың қамын жеген боп,

«Ой, ахау...» -ға  саламыз.

 

Ауылымыз шалғай жер,

Құм бораған даласы.

Өмірімді жалғай бер,

«Құдай берген баласы»!

"Қазақ әдебиеті" газеті

Қатысты Мақалалар