БҚО–дағы 24 елді-мекенге табиғи газ тартылмақ

/uploads/thumbnail/20180426100632496_small.jpg

Жуырда Орал қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі мен даму мүмкіндіктері талқыланған жиын өтті. Басқосуға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев және «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Байменов қатысты. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтің берген мәліметі бойынша басқарманың 2017 жылғы бюджеті 8,9 млрд. теңгені (республикалық және жергілікті бюджет есебінен) құраған. Бөлінген қаражат ауылдық елді мекендерді газдандыруға, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, ауыз сумен қамтамасыз ету құнын субсидиялауға және басқа да мақсаттарға бағытталған. 2018 жылға басқарма бюджеті 4,2 млрд. теңге көлемінде бекітілді. Күні бүгін облыста жылыту маусымы штаттық режімде өтуде. Әлеуметтік нысандар қатты және сұйық отынмен қамтамасыз етілген. «Жайықжылуқуат» АҚ резервінде 1 215 тонна мазут бар. Келесі жылы облыстың елді мекендерін газдандыру аясында әлеуметтік бағыттағы 127 нысанды көгілдір отынмен жылытуға ауыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар барлық коммуналдық кәсіпорындар апатты-техникалық бригадалармен жабдықталып, материалдық ресурстар резерві құрылды. 2018 жылы елді мекендерді газдандыруға бюджеттен 1,464 млрд. теңге бөлінді (республикалық бюджет – 1,357 млрд. теңге, облыстық бюджет – 0,107 млрд. теңге). Бөлінген қаржыға 9,7 мың тұрғыны бар 24 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарлануда. Олар Бөкей ордасы ауданындағы Жиекқұм, Жамбыл, Көктерек, Бөрлі, Тереңқұдық, Кеңой, Ұялы, Саралжын, Шоңай, Сейітқали, Тайғара ауылдары, Ақжайық ауданындағы Жаңажол, Тегісжол, Жамбыл, Бітік, Үштөбе, Сарман, Битілеу, Тоған, Қарағай, Ақбұлақ, Ескі Есім ауылдары, Жәнібек ауданындағы Өнеге  ауылы және Зеленов ауданындағы Факел ауылы. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының газбен қамтылу көрсеткішін 95,4% немесе 612,3 мың адамға көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар 2018 жылы 4,4 мың тұрғыны бар 14 елді мекенді газдандыру үшін құрылыс жұмыстары басталды. Олар Қазталов ауданының  Кішкене шал, Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Бейістерек, Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз, Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа ауылдары; Зеленов ауданының Факел ауылы. Бұл нысандардағы құрылыс 2018-2019 жылы аяқталмақ. Сондай-ақ ағымдағы жылы  Қазталов ауданының 15 елді мекенін газдандыруға ЖСҚ жасақтау үшін облыстық бюджеттен 7 млн. теңге бөлінді (жалпы құны – 101,0 млн. теңге). Құрылыс мерзімінің уақыты 2019-2021 жылдар аралығында.

Брифингте сөз алған «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Байменов биылғы жылыту маусымының еш апатсыз тыныш өткендігін атап өтті.

Қатысты Мақалалар