Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні мерекесіне орай, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мамырдың 7-сі күні Астанада «Жеңіс туы, желбіре!» атты қайырымдылық концерт өткізеді. Бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында осы іс-шараға арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Баспасөз конференциясына журналистермен қатар, Астана қалалық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Серік Кенжебеков, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуандық Омарбаев, «Шарапат» әлеуметтік қызмет орталығының директоры Кенжеболат Бапишев және басқа да азаматтар қатысты. Оларға «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, осы мекемедегі эстрада бөлімінің басшысы Мөлдір Әуелбекова және концерт режиссері Динара Жанбосынова қайырымдылық шараның мән-маңызын түсіндірді. Режиссердің айтуынша, мамырдың 7-сі күні сағат 19:00-де «Қазақстан» ОКЗ-да көрермен назарына театрландырылған ән-би қойылымы мен фильм-концерт ұсынылмақ. Сол үшін танымал әншілерге қоса, театр актерлары мен хореографиялық ұжымдар да тартылып отыр. Оған көрермен ретінде шақырылған Екінші дүниежүзілік соғыс пен тыл ардагерлеріне, Қазақстан Ардагерлері ұйымының мүшелеріне, Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, Чернобыль одақтарының, қарттар үйінің өкілдеріне және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 700 билет тегін үлестірілген. Сондай-ақ, оларға концерт барысында «Қазақконцерт» МКҰ атынан көптеген тұрмыстық заттар мен азық-түлік табыс етіледі.
Бұл ретте, Жеңіс Сейдуллаұлы «осы бір игі бастаманы еліміздегі өзге де өнер ұжымдары мен қайырымдылық қорлар эстафета ретінде қабылдаса екен» деген тілегін жеткізді. Оның айтуынша, Алтынбек Қоразбаев, Тамара Асар сынды өнер майталмандары, «Меломен» және «Назар» топтары, Жеңіс Ысқақова, Алтынай Жорабаева, Серік Ибрагимов, Медеу Арынбаев, Гүлнұр Оразымбетова сынды эстрада әншілері, қазақ өнерін әлемге паш етіп жүрген «Форте трио», «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі, «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі мен «Астана мюзикл» мемлекеттік театры өнер көрсететін мерекелік кеште әндер тек қана жанды дауыста шырқалатын болады.
«Жалғыз қайырымдылық концертте ғана емес, жалпы, біз алдағы уақытта да әншілерге сахнада фонограммасыз ән айтуды міндеттемекпіз. Қазір соған сәйкес лицензия әзірлеп жатырмыз. Шыны керек, фонограмманың кейде бізбен бірге жүретін кездері бар. Кейбір телевизиялық жобаларда онсыз ән айтуға болмайды дегендей. Сол сияқты, аппаратура нашар болып қалған кезде фонограмманың көмегіне жүгінуге тура келеді. Сонда да біз жастарды табиғи, жанды дауыспен ән салуға үйретпекпіз. Себебі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйым болғандықтан, біз өзгелерге үлгі көрсетуіміз керек. Осындай үлкен ұйым ретінде олардың репетруарына, халықтың алдында дұрыс ән айтып, жөнді сөйлей алуына ықпал етуге тиіспіз. Мысалы, әншілеріміздің дені ән орындау мен халықпен араласу тұрғысынан ақсап жатады. Бір жөнді әңгіме айта алмай, елді шулатып жатқандарын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бұның бір ұшы өзі мен продюсеріне, ал екінші ұшы біздің «Қазақконцертке» келіп тиеді. Сондықтан біз оларды қадағалауды жөн көрдік», – деді Жеңіс Сейдуллаұлы.
Журналистердің осы мәселеге қатысты сұрағына өз кезегінде «Қазақконцерт» МКҰ эстрада бөлімінің басшысы Мөлдір Әуелбекова да жауап берді. Бұдан бөлек, олар қайырымдылық көмекті тек осындай мереке күндері қарсаңында ғана емес, мүмкіндігінше басқа уақыттарда да жасап тұруға дайын екендіктерін айтты. Ал «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Жүнісбек ұйымдастырушы тарапқа өз ұсынысын жеткізді.
«Чернобыль Атом электр стансасындағы апат салдарынан 150 мың шаршы шақырымға жуық жер радиоактивті элементтермен ластанып, оның салдарын жоюға 800 мыңға жуық адам қатысқаны белгілі. Ал екінің бірі біле бермейтін бір мәселе, оған Орталық Азия бойынша бізден ғана кеткен 4 эшолон, яғни 32 мың адамның 27 мыңнан астамы қазір жоқ. Сондықтан қайырымдылық концерт барысында біздің де ерлік істерімізді атап өтсеңіздер жөн болар еді», – деді ардагер. Жеңіс Сейдуллаұлы мен режиссер Динара Жанбосынова бұл ұсыныстың орынды екенін ескеріп, мерекелік шара сценарийіне енгізетіндіктерін уәде етті.
Пікір қалдыру