Екі елдің көшбасшылары бірін-бірі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің алдағы мерекесімен құттықтады.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Ресей Президенттері екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Армениядағы ахуалды талқылады.
Мемлекеттер басшылары алдағы кездесулер кестесі, атап айтқанда, биылғы 14 мамырда Сочи қаласында өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына әзірлік барысы жөнінде әңгімелесті.
Осы орайда, екі елдің көшбасшылары Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылғы ішкі және сыртқы сауда-саттық көлемі тиісінше 24,4 және 26,1 пайызға өскенін атап өтіп, халықаралық қоғамдастық тарапынан бұл бірлестікпен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылықтың артып отырғанын айтты.
Жалпы екі ел басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси-дипломатиялық байланыс пен сауда-экономикалық барыс-келіс туралы жиі телефонда сөйлесіп тұрады.
Бұған дейін телефон арқылы сөйлесуге Ресей жағының бастамашы болуымен 18 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Онда мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастыққа қатысты, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Сириядағы ахуалды талқылады.
Сондай-ақ, екі ел басшысы ақпан айында да телефонда сөйлескен болатын. Онда биылғы 29-30 қаңтарда Сочиде өткен Сирия ұлттық диалогы конгресінің қорытындыларын талқылады. Қазақстан президенті Сирия дағдарысын реттеу үдерісіне Ресей Федерациясының қомақты үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Алматы қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы мен "Жаһандық дәуірдегі цифрлық күн тәртібі" атты форум туралы ой бөлісіп, Еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы жөнінде әңгімелесті.
Президенттердің бір-біріне өзара құрметі де ерекше. Жаңадан сайланып, кезекті президенттік қызметіне кіріскелі отырған Путин Нұрсұлтан Назарбаевты айрықша қадірлейді.
Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Ерлан Бекхожин Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен сұхбаттасты, онда Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшы ретіндегі айрықша ерекшеліктерін атап өтті.
«Біріншіден, ол өте іскер және талапты адамдармен, жастармен ұйымшылдықта қалай жұмыс істеуді біледі. Ол ешқашан мықты адамдардан қорықпайды. Бұл кез келген күшті көшбасшының ерекшелігі », - деді Путин.
Пікір қалдыру