Барша халық болып қуанып, ер есімі ұлықталар Жеңіс күнінің орны қашан да айрықша. Асау уақыт тізгінімен Ұлы Отан соғысының көзкөрген ардагерлерінің қатары жылдан-жылға азайып барады. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлердің батырлығын өскелең ұрпаққа үлгі ету əрбір азаматтың міндеті. Осы мақсатта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу театрында «Ер есімі ел есінде» атты концерт өтті. Академияның Оқу театрының сахнасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Эстрадалық вокал» кафедрасының профессоры Забирова Толқын Қалиқызы классының Жеңіс күніне арналған концерт-классының шәкірттері асқан шеберлікпен орындап, көпшілікті бір тәнті етті.
Бағдарламада «Эстрадалық вокал» мамандығының студенттері Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған романс әндерін орындады. Толқын Забирова, əнші:
– Концертті Кино жəне телевидение, Хореография факультетінің өнерлі жастарымен ардагерлерге тағзым етіп, алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырдық. Сұрапыл соғыс жылдары, ерлердің жанкешті еңбегі ешкімнің жадынан ұмытылмауы тиіс. Бұл – біздің тарихымыз. Кешегіні ұмытумен болашақ болмайды деп ойлаймын. Жеңіс күні – баршамызға ортақ күн. Бейбіт күнде өмір сүріп отырғанымыз үшін ардагерлерге бас иеміз. Соғыстан қайтқан солдаттар азайса да, олардың батырлығы ұмытылмайды. Ұлы жеңіс құтты болсын! Тек қана осындай бейбіт заманда өмір сүрейік!
Пікір қалдыру